МТРА жаңалықтары

Қызылжар ауданының Асаново селосында өрт сөндіру бекеті қолданысқа берілді

Алда-жалда елді мекенде от тұтанған жағдайда осы өрт сөндіру бекеті қызыл жалынның бетін қайыруға бірінші болып үлес қосады. Ол үшін серіктестік “ЗИЛ” көлігі базасында жасақталған өрт сөндіру машинасын сатып алыпты. Шағын бекеттің қызметкерлері де өрт сөндіру бөлімдерінен еш кем емес. Жұмысқа қабылданған 3 ауыл азаматы тұрғындарға қиын уақытта көмек беруге әзір екендіктерін көруге болады.

Нұрлан Атығаев – СҚО ТЖД бастығының орынбасары:


– Мұндай өрт сөндіру бөлімдерінің ауылдарда туындаған қызыл жалынды ауыздықтауда орны ерекше. Өздеріңіз білесіздер, шалғай жатқан селода от шықса оған аудан мен қаладан өрт сөндіру бригадасы жеткенше көп уақыт кетеді.

Үстіміздегі жылы өңірдегі елді мекендерде 7 өрт сөндіру бекеті іске қосылған. Өткен жылы мұндай қосынның 2-уі пайдалануға берілген екен. Уақытпен санаспайтын тілсіз жауды ауыздықтауға жылдам жетуге мүмкіндік беретін бөлімдерді жергілікті жерде құруға аудан басшылығы да ат салысыпты.

Болат Жұмабеков – Қызылжар ауданының әкімі

– Жыл басында облыс әкімі Ерік Сұлтанов әрбір ауданда осындай өрт сөндіру орталықтарын тапсырма берген еді. Соны біртіндеп іске асырып келеміз. Міне, Асанов ауылында жаңа пост ашылуда. Әрине, бұл ең біріншіден “АБИ-ЖЕР” серіктестігі қолдауының арқасында деп есептеймін.

Осы күні аудан әкімі Болат Жұмабеков Асаново орта мектебінде биылғы жылыту маусымында іске қосылған жаңа қазандықтың жұмысымен танысты. Қондырғыны жағуға егін сабаны қолданылады.

Игорь Гришанов – “АБИ ЖЕР” ЖШС директоры, Қызылжар ауданы:

– Осы жылы мемлекеттік жекеменшік әріптестік аясында біз ауданда екі жылыту қазандығын қолданысқа бердік. Әзірше, бұл – пилоттық жоба. Құны 40 мың еуро тұратын польшалық қондырғының қуаты – сағатына 500КВТ. Жартылай авотматтандырылған пешті басқаруға жалғыз адамның өзі жетіп жатыр. Артықшылығы – құрылғыдан шығатын түтін ауаны ластамайды.

Сабанмен жағылатын пештің қауқары сыныптарды жылытуға жақсы жетеді дейді Асаново орта мектебінің оқушылары.

Аудан әкімі пилоттық жоба сәтті жүзеге асып жатса сабанмен жағылатын қазандықты Қызылжар ауданының өзге де мектептеріне орнатуды жоспарлауда.

 

Бакыт Садуакасов