МТРА жаңалықтары

“Қазақ хандығының тарихи тұлғалары” тақырыбында дөңгелек үстел ұйымдастырылды

Зарқын Тайшыбай, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ оқытушысы, профессор:

-Құлсары батыр қазақ түсінігімен айтқанда, әулие адам болған. Жас шағынан алғанда ол Әбілхайырмен шамалас Абылайдың әкесіндей адам. Абылайдан бұрын Тәуке хан, Сәмеке ханның тұсында үлкен қызметтер атқарған. Ал Абылай ханның тұсында қартайып кеңесші болған кезін бүгін біз отырыста айтып отырмыз. Ел дің тұтқасын ұстаған адам. Құжаттарда тапқан дерегіміз бойынша Құлсары батыр 80-ге таяп дүниеден озған. Одан кейін онның орнына үлкен ұлы Құлыбек батырды басшы етіп тағайындаған.

Профессор Зарқын Тайшыбай бүгінде Абылай хан туралы зерттеу жұмыстарын жүргізіп, соның негізінде кітап жазған. Сол жинақта қазақ даласын қорғаған мың жарым батырдың есімі аталыпты. Зарқын Тайшыбай сол бабаларымыздың тең жартысына жуығы Қазақстанның солтүстігінде өмір сүрді деген дерек келтірді.

Тағылымы мол жиынға Құлсары батырдың 7-ші ұрпағы – Мағжан Рахимов қатысты. Жерлесіміз жиын барысында мұрағатшыларға Құлсары батыр кітабын табыс етті. Жинаққа өлкетанушылар мен тарихшылардың, елге белгілі азаматтардың тарихи тұлға жайлы жазған мақалалары енгізіліпті.

Мағжан Рахимов, Құлсары батырдың 7-ші ұрпағы, Қызылжар ауданының құрметті азаматы, еңбек ардагері:

-Жастар бабаларының ерлігін естіп өсу керек. Жастарымызда отансүйгіштік сезімі болса мәңгілік ел боламыз.

Қазақ мектеп-гимназиясының оқушысы Әдия Еркін Құлсары батыр туралы жазған ғылыми жобаларын жиналғандардың назарына ұсынды.

Мұрағатшылар залдың бір бұрышына РФ-ның Мәскеу, Санк-Петербург, Омбы, Орынбор қалаларынан жеткізілген құжаттардың көшірмесін жайғастырыпты. Құнды дүниелерден Қазақ хандығының тарихы жайлы тың мағлұматпен танысуға болады.

Сәуле Мәлікова, Солтүстік Қазақстан Мемлекеттік мұрағатының директоры:

-2006-2012 жылы Ресейдің мұрағаттарынан алған деректер негізінде
Құлсары батырдың шынымен тарихи тұлға екендігіне, Абылай ханның кеңесшісі болғанын, екі мемлекеттің арасындағы қарым-қатынасты нығайтуға лес қосқан.

Осылайша жастар біраз мәліметке қанық болып, өлкеміздің тарихымен танысып тарқасты.


 

Берик Касен