МТРА жаңалықтары

Петропавлда Құран қарилардың республикалық сайысы бастау алды

Сайысқа қатысушылар – құранның 30 парасын, яғни қасиетті кітаптағы 114 сүрені толық жаттаған қарилар. Әр облыстан келген 33 қаридың Құранды мүлтіксіз жаттауы, оны оқу ережелерін сақтауы, сүрелердің аудармасын білуі сынды қабілеттерін әділқазылар жан-жақты бағалап саралайтын болады.

Хамзат Әділбеков, Қызылжар орталық мешітінің ұстазы:

-Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының бастамасымен Қызылжар орталық мешітінің ұйымдастыруымен өткізіп отырмыз. Мұндағы мақсат- Солтүстік өңірінде діннің деңгейін көтеру, исламның – жақсы жақтарын таныту.

Ақ әжелер қазақтың дәстүрімен жиылғандарға шашу шашты. Одан кейін жеребе арқылы қатысушылардың рет саны белгілі болды. Анықталғандай, Петропавлдық қари Омар Әміршаев 25-ші болып шығады. 15 жастағы сайыстың ең жас қатысушысы 5 жыл бойы Сауд Арабиясындағы медреседе оқып, Құран Кәрімді жаттауға екі жылын арнаған.

Омар Әміршаев, қари, Петропавл қаласы:

-Мен 5 жасымда Сауд Арабиясындағы медресеге оқуға түстім. 10 жасымда оқуымды аяқтап, Петропавлға оралдым. Мұның бәріне ата-анамның тигізген көмегі зор. Жаттаған сүрелерді, жалпы құранның барлық 600 бетін ұмытпау үшін әрқашан қайталап отырамын. Қызылжар орталық мешітіне келіп жүремін.

Қатысушы қарилердің барлығы 25 жасқа толмаған бозбалалар. Арасында Астана Республикалық қарилерді дайындау орталығының оқушысы Фаруқ Исмаилов бар.

Фаруқ Исмаиылов, қари, Астана қаласы:

-12 жасымда құран жаттауға шақырған әкем. Өз бетіммен жаттадым, одан кейін барып Астанадағы қарилер дайындау орталығына түстім. Ал, мұндай жарысқа қатысуым алғаш рет.

Құран қарилардың республикалық байқауы өңір тарихында алғаш өтіп отыр. Осыған дейін тек Шымкент пен Алматыда ұйымдастырылған көрінеді.

Байқау 2 күнге созылады. Қорытындысында – құраннан берілген кез-келген үзіндіні мұқалмай жалғастырып, мәнеріне келтіріп жатқа айтқан үздік қари 1 млн теңгені қанжығалайтын болады. Ал, бірінші орынға – 750, екінші және үшінші орындарға 500, 300 мың теңге көлемінде жүлде тағайындалған. Бұл үшін мешітке жергілікті кәсіпкерлер демеушілік көрсетіпті.

 

 

Акбопе Танирберген