Құқық қорғау органдары

Өңірде “Абайлаңыз, жаяу жүргінші!” республикалық акциясы өтуде

Қамбар Жанкабаев – көлік жүргізуші:

-Жаяу жүргіншілер жолы деген белгіні көрдім. Бірақ, кей кезде олардың өздері кінәлі болады. Сенің тоқтай алмайтыныңды көріп тұра, жолды кесіп өтеді. Қазір жол тайғанақ, дер кезінде тежегішті басып үлгеру қиын. Оны жаяу жүргіншілер де түсінуі қажет.

Кейбір жүргізушілер осылай ақталса, енді бірі алыстан жолақты байқаған кезде тоқтауға алдын ала дайындалу қажет дейді. Виталий Кучеренко бүгін жаяу жүргіншіні өткізіп, өзгеге үлгі көрсеткені үшін тәртіп сақшылары оған шағын сыйлық тарту етті.

Виталий Кучеренко – көлік жүргізуші:

-Жаяу жүргіншілер жолында мен үнемі адамдарды өткіземін. Әрине, жол тайғанақ болғаннан кейін дер кезінде тоқтап үлгеру қиынға соғады. Соның өзінде ереже барлығына ортақ. Сол себепті ешқайда асықпай, ақырын жүру қажет.

Жалпы қазанның 20-сы басталған “Абайлаңыз, жаяу жүргінші” республикалық акциясы аясында облыста жолда жүру ережесін бұзудың 668 фактісі анықталған. Оның ішінде 24-інде жаяу жүргіншіге жол бермесе, 156-сында, керісінше, адамдар белгіленбеген жерден жолды кесіп өткен. Негізі әкімшілік құқықбұзушылық жасағандарға 5 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады.

Ринат Құсайынов – Петропавл қаласы ІІБ жол-патрульдік полиция батальонының командирі:

-Биыл Петропавл қаласында 46 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Салдарынан 4 адам қаза тауып, 46-сы түрлі жарақат алды. Қала тұрғындарынан жолда жүргенде сақ болып, ережелерді бұзбауларын сұраймын.

Аталмыш шара өңірде қазанның 29-на дейін жалғасады. Айта кету қажет, жыл басынан облыс аумағында жаяу жүргіншілердің кесірінен 28 жол-көлік оқиғасы орын алып, нәтижеснде 5 адам қаза тапқан. Және 8 жан түрлі жарақаттар алған.

 

 

Риат Шони