Аптадағы маңызды жаңалықтар

Өңірге Беларусия Республикасының еліміздегі Төтенше және Өкілетті елшісі келді

Ерік Сұлтанов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

-Бізде ірі машина жасаушы кәсіпорындар бар. Солар арқылы ортақ бизнес құруға болады. Мұнай бұрғылау қондырғылары, темір жол салалары да қарқын алып келеді. Вагондар, техникаға керекті құрылғылар мен бөлшектер жасау ісі жолға қойылған. Биыл біз комбайн шығаратын зауытты іске қостық. Сондықтан, бұл бағытта да жұмыс жүргізуге болады.

Бұдан бөлек, ауыл шаруашылығы, оқшаулағыш материалдар өндірісі мен ағаш өңдеу саласында қос тарап жұмыс жасауға ниетті.

Анатолий Ничкасов – Беларусь Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі:

-Өткен бесжылдықта біз 9 ағаш өңдейтін ірі кәсіпорында жаңғырту шараларын жүргіздік. Олар барлық ұсақ-түйек заттардан бастап ірі материалдарға дейін шығарады. Оның ішінде жиһаз, құрылысқа қажетті нәрселерді де табуға болады. Ал теріскейде қалдықсыз өнім шығаратын мұндай зауыттар жоқ екен. Сондықтан, екі ел бірлесіп, сондай жобаны жүзеге асыруға болады.

Бұл ойды өңір жетекшісі де қолдады. Өйткені жыл сайын теріскейде 100-150 мың тонна қайың сатылып, өңделеді екен. Ал ағаштан қалған қалдықтар ешқайда жұмсалмайды. Сондықтан, бұл жақсы өндіріс түрі болары анық. Жалпы өткен жылы біздің өңір мен Беларусь арасындағы тауар айналымы 23,6 млн АҚШ долларын құраған. Бұл 2013 жылмен салыстырғанда 1,6 есеге артық. Алдағы уақытта әріптестікті дамыта түсу көзделіп отыр. Кездесу соңында қос тарап өзара ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойды.


 

Магжан Ахмадина