МТРА жаңалықтары

ҚР Мемлекеттік хатшысы “Серпін-2050” бағдарламасы бойынша оқып жүрген жастармен кездесті

Ұлжалғас Топбасы – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ 2 курс студенті:

-Мен 2014-ші жылы “Серпін” бағдарламасы бойынша осы университетке оқуға түстім. Қазіргі таңда 2-ші курс студентімін. Бізді өте жақсы қарсы алды. Барлық жағдай жасалған. Оған қоса жатақханамен де қамтамасыз етті. Басында қиын болды, кейін үйреніп кеттік.

Биыл бағдарламаның шарапатын 282 студент көріп отыр. Жалпы жобаға қатысушылар түрлі жеңілдіктерге ие. Айта кетсек, қазірде студенттер қысқы және жазғы демалыс кезінде үйлеріне баруға жұмсалатын жолақы мен ай сайын 16 мың теңге көлемінде шәкіртақы алады. “Серпін-2050” бағдарламасы бойынша білім алып жүрген студенттермен кездескен ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова жастарға ұдайы шыңдалып отыру керектігін айтты.

Гүлшара Әбдіқалықова – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы:

-Қазір ең бастысы сапалы білім алуларыңыз қажет. Бәсекеге қабілетті болу керек. Өздеріңіз білесіздер, бізде “Болашақ” бағдарламасы бар. Оған сіздер де түсе аласыздар. Қазір білім беруде талаптар да күшейтіліп жатыр. “Дуалды оқыту” да жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Сіздер тек қана университетте емес, сонымен бірге қосымша қаладағы ірі-ірі зауыттарда білімдеріңізді шыңдайсыздар.

Жалпы бүгінде облыстағы оқу орындарында оңтүстік өңірлерден келген 600-ден астам студент білім алуда. Жиынды қорытындылаған елордалық мейман ел тұтқасын ұстайтын жастардың білім жолындағы ізденістеріне сәттілік тіледі. Ал күннің екінші жартысында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова облыстың іскер әйелдерімен кездесті. Ең алдымен мейманға кітапхана залында өңірдің нәзікжандылары басқаратын өндіріс орындары мен жеке кәсіпкерліктердің түрлі өнімдері ұсынылды. Жұлдызай Нұрышеваның да ашқан өз ісі бар. Жас дизайнер мемлекеттік қолдаудың арқасында кәсібіміз алға жылжып келеді, – дейді.

Жұлдызай Нұрышева – “Нұрышев” ЖК директоры:

-Жеке кәсібімізді ашқанымызға көп уақыт болған жоқ. “Даму” қорына жас кәсіпкер ретінде жүгініп, 2,5 миллион теңгенің несиесін алдым. Қазір қарамағымда 4 тігінші бар. Негізінен, петропавлдықтар ұлттық киімдер мен тойға арналған қалтаға көп тапсырыс береді.

Көрмеге жайғастырылған жергілікті жерде өндірілген өнімдер мен бұйымдарды тамашалаған Мемлекеттік хатшы кездесуді конференция залында жалғастырды. Жиналғандарды облыстағы отбасылық-демографиялық саясаттың қалай жүзеге асып жатқандығы жөнінде облыс әкімінің орынбасары Анархан Дүйсенова құлағдар етті. Бүгінде теріскей аумағындағы 30 мыңдай шағын және орта бизнес субьектілерінің 3/1-іне осы назәкжандылар жетекшілік етіп отыр.

Анархан Дүйсенова – облыс әкімінің орынбасары:

-Биылғы жылы “Бизнестің жол картасы 2020” бағдарламасы бойынша 155 өтініш мақұлданса, соның 26-сы әйелдерге тиесілі. Ал “Индустрияландыру картасы” бойынша нәзікжандылар 6 жобаны іске қосып отыр. Осының арқасында жаңадан 270 жұмыс орны ашылды. Сондықтан, Солтүстік Қазақстан облысында гендерлік теңдік саясаты жоспарлы түрде жүргізіліп келеді.

Қызылжар ауданы Бескөл ауылында жиһаз өнімдерін шығаратын Елена Левина – мемлекеттік бағдарламамен берілетін жеңілдетілген несиені тұрақты түрде қолданушылардың бірі.

Елена Левина – “Левин” ЖК директоры, Қызылжар ауданы:

-Қазіргі уақытта жиһаз цехында 160 тұрғын еңбек етеді. Пайыздық мөлшерлемесі төмен заемның арқасында кәсіпорында жаңғырту жұмыстарын жүргіздік. Теңгенің еркін айналымға жіберілгені біздің мекемеге оң әсерін тигізді. Соңғы кездері Түмен және Омбы облыстарынан тапсырыстар көптеп түсуде.

Жұмыс сапарын қорытындылаған Мемлекеттік хатшы өңірдің даму көрсеткіштеріне оң бағасын берді.

 

 

Бакыт Садуакасов