Аптадағы маңызды жаңалықтар

ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова жұмыс сапарымен СҚО келді

Осында халықаралық деңгейдегі додаларды өткізуге болады деді Мемлекеттік хатшы. Егеменді еліміздің атын әлемге әйгілеп, көк байрағымызды сан мәрте көкке көтерген жастарымыз бен олардың бапкерлері орайы келіп тұрғанда Гүлшара Әбдіқалықовамен әңгімелесіп, кешеннің ашылғанына қуанышты екендіктерін жеткізді. Осы жерде мейман солтүстік өңірде тұрғындарды бұқаралық спортқа тарту көрсеткіші жақсы екендігін атап өтті.

Гүлшара Әбдіқалықова, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы:

-Ұлт саулығы адамдардың спортпен жиі шұғылдануына байланысты. Егер біз спорпен жиі айналысатын болсақ, денсаулығымыз да мықты болады. Әсіресе, осы іске жастарды баулу керек. Қазақстанның солтүстігінде бұқаралық спорт жақсы дамып келеді. Көрсеткіш 27 пайызды құрайды. Сіздер Александр Винокуров, Жанат Жақиянов, Маргарита Мұқашова секілді есімі әлемге әйгілі спортшылармен мақтана аласыздар.

Маргарита Мұқашева, жеңіл атлетикадан халықаралық дәрежедегі спорт шебері:

-Мен жеңіл атлетикамен көп жылдар бойы айналыстым. Тәжірибелі спортшы ретінде айтарым, бұл спорт кешені ел үшін маңызды. Мұнда дарынды жастар қабілетін шыңдап, үлкен ареналарға жолдама алады.

Мұз айдыны орналасқан зал мың орынға шақталған. Кейін спорт сарайына бас сұққан меймандар мәнерлеп сырғанаушылардың өнерін тамашалады.

Артынша мұз айдынына “Құлагер” хоккей клубының тәрбиеленушілері шықты. 6-9 жастағы балалардан жасақталған команданың құрылғанына көп бола қойған жоқ.
Бұлардан өзге өңірімізде жас ерекшелігіне қарай тағы екі құрама қалыптасқан. Қазақстанның солтүстігінде қыс мезгілі ұзаққа созылады. Салтанатты жиында сөз алған Мемлекеттік хатшы осы ерекшелікті ескеріп, қысқы спорт түрлерін дамытуға ерекше ден қою керек деді. Гүлшара Әбдіқалықова болашақта жерлестеріміз дүниежүзілік спорттық ареналарда еліміздің намысын қорғауға үлес қосатындықтарына сенім білдірді.

Гүлшара Әбдіқалықова, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы:

-Осы спорт сарайының қабырғасында жас ұрпақ тәрбие алып, үлкен чемпион атанатындықтарына сенемін. Елдің ертеңі үшін аянбай тер төгіп, жеңісті күндерде жолыға берейік.

Бұдан былай бір шатырдың астында хоккейшілер, мәнерлеп сырғанаушылар мен жеңіл атлетшілер, палуандар республикалық, халықаралық додаларға тыңғылықты дайындалатын болады.

Александр Надобенко, спорт сарайының директоры:

-Мұнда жеңіл атлетикадан басқа гимнастикамен де айналысуға мүмкіндік бар. Ортада әмбебап шағын алаң құрылған. Онда футбол, баскетбол, волейбол ойнауға болады. Бұдан басқа спорт сарайының ішінде күрес, тренажер залдары бар. Екі велосипед базасында “Вино форевер” велосипедшілер клубының тәрбиеленушілері жаттыға алады. Оларға қажетті қаражат облыс қазынасынан бөлінеді, демеушілер де қолдау көрсетеді.

Іңкәр Алтай, “Жеңіс” дарынды балаларға арналған БЖСМ тәрбиеленушісі:

 

-Мен қысқа қашықтыққа жүгіремін. Мен үшін бұл нысанның ашылғаны жақсы болды. Іші әдемі, жарық, жылы.

Спорт сарайының жалпы аумағы 15 мың 853 шаршы метрді құрайды.
Мұнда кәсіби спортшылар, спорт клубтарының тәрбиеленушілері бекітілген кесте бойынша жаттыға алады. Сонымен қатар, тұрғындардың да келіп уақытын тиімді өткізуіне жағдай жасалмақ. Ол үшін келушілерге арнайы уақыт бөлінеді.

Берик Касен