Мәдениет

Дін өкілдері Айыртау ауданындағы тарихи орындарды аралады

Бұл маңда 17-ші ғасырда қазақ жерін жоңғардан қорғаған қос батыр жерленген. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, «біріккен кешен – Ұлы жүз бен Орта жүздің татулығының белгісі». Мұндай орынға дін өкілдерінің арнайы келуі де тегін емес. Олар осылайша конфессияаралық достық пен сыйластықты арттыра түсуге септеспек.
Кейін дінбасылары Шоқан Уәлихановтың әжесі Айғаным қонысына барды. Дәл осы жерде танымал қазақ тарихшысы, шығыстанушы әрі географ Шоқанның балалық шағы өткен. Бұл сапардың мақсаты – өңірдің тарихына көз жүгіртіп, діндер ынтымақтастығын нығайта түсу дейді Петропавл және Булаев епархиясының епископы Владимир.

Владимир – Петропавл және Булаев епархиясының епископы:

-Біз бұл тарихи мекенге экскурсия жасау үшін ғана келген жоқпыз. Рухани дүниемізді байытып, қазақ және орыс халқы сақтаған салт-дәстүрді насихаттаймыз. Кең байтақ жеріміздің тарихын ұғынамыз.

Дінбасылары Айғаным қонысын аралап, 19-ғасырдағы тұрмысқа куә болды. Тек мұнда сол кездегі жиһаздар сақталмапты. Оларды өткен ғасырда Шоқан Уәлиханов жасаған эскиз бойынша қалпына келтірген екен. Ал ғалымның өзі қолданған заттар түпнұсқа болып саналады. Мәселен, мына қайшы Абылайханның шөбересіне тиесілі болған. Тағы бір қызығы, мұндағы 6 бөлменің әрқайсысында жеке-жеке пеш орналасыпты. Шоқан жайлы нақты деректер Сырымбет тарихи-этнографилық музейінде бар. Бұнда, тіпті 12 жасар бала Шоқанның суретінің көшірмесі сақталыпты. Ал, оның көп тілді меңгеріп, саяхатшы болғаны тарихтан аян.

Дамир Түлеуов, Ш. Уалиханов атындағы Сырымбет тарихи-этнографиялық мұражайының экскурсия жүргізушісі:

-Мұнда оның Қашғарияға саяхатының диаграммасы көрсетілген. Саяхатшы ол жерде 10 ай тұрақтаған. Сол кезде Қашғария еліне кіруге қатаң тыйым салынған. Ал, Шоқан жабық мекенге бірінші болып аяқ басқандардың қатарында.

Мұражай қонақтарының айтуынша, Шоқан Уәлиханов – әр ұлт пен түрлі дін өкілдеріне үлгі боларлық тарихи тұлға. Айту керек, жағрапиятанушының Омбыдағы Кадет корпусында оқып жүргенде достары өте көп болған. Олардың қатарында жақын досы – әлем әдебиетінің классигі Феодор Достоевский де бар. Бүгін осыншама тарихқа қаныққан Святая Троица рим-католик шіркеуінің жетекшісі Томаш Якубчак халықтар арасындағы келісімді күшейту зор маңызға ие деді. Айту керек, Қазақстандағы котоликтердің 40 пайызы біздің өңірде өмір сүріп жатыр.

Томаш Якубчак, “Святая Троица” рим-католик шіркеуінің жетекшісі:

-Мен Польша азаматы ретінде Қазақстанға қызмет етуге келгенімде мұнда көп ұлттар мен конфессия өкілдерінің тұратынын көріп таң қалдым. Олардың барлығы татулық пен бейбітшілікте өмір сүреді. Осылайша, Қазақстан өзге елдерге үлгі болып келеді.

Бір дастархан басында – имам, епископ және монастырь жетекшісі. Олар еліміздегі бейбітшілік пен ынтымақтастық жайында әңгімелесуде. Сондай-ақ, дінбасылар түрлі конфессиялардың әрқашан араласып, бірлесіп жұмыс жасауы жөн деп санайды.

Кенжетай кажы Дүйсенбай, «Қызылжар» орталық мешітінің бас имамы:

-Үш діннің өкілдері тарихи мекенге сапарларын Рухани келісім күніне арнады. Аталмыш мейрамды қазақстандықтар қазанның 18-і атап өткен болатын.

 

 

Акбопе Танирберген