Спорт

Солтүстікқазақстандықтар Азамат Нұрпейісовке қолдау көрсетуде

Азамат Шаймерденов – «Жас Отан» ЖҚ СҚОФ төрағасы:

-Бұл шараның басты мақсаты – кикбоксингтен халықаралық дәрежедегі спортшы, әлем чемпионы, жерлесіміз Азамат Нұрпейісовке қолдау көрсету. Біз оның жақындарымен үнемі хабарласып, оның денсаулығын сұрастырып, қолдау танытамыз. Бүгінде ол химиотерапияның екіншісін өткерді. Өзін жақсы сезінеді. Осы орайда біз солтүстікқазақстандықтарды көмек қолын созуға шақырамыз.

Бұл шарадан Ресей спортшылары да тыс қалмады. Чемпионатқа Омбы қаласынан 14 адам арнайы келіпті. Солардың бірі – Дмитрий Баженов. Дәл қазір ол петропавлдық Еркебұлан Шаймерденовпен белдесуде. Тартыстың бірер минутынан соң ресейлік азамат жерлесіміздің қолына ауырту тәсілін қолданып, жеңісті суырып алды. Палуандар 61 келі салмақта өнер көрсетті. Омбылықтардың атынан Дмитрий Колотилов та шықты.

Дмитрий Колотилов – «Ермак» ержүректер клубының мүшесі, РФ:

-Петропавлға біз арнайы келдік. Қайырымдылық шарасы өтеді дегенді естіп, бірден осында жиналдық. Қолдан келгенше көмектесуге тырысып жатырмыз. Сондай-ақ, мұнда келуіміздің басты мақсаты сіздердің палуандарыңызбен тәжірибе алмасу болатын.

Айту керек, бұл спорт өңірімізде енді дамуда. Мұнда күрестің бірнеше түрінде қолданатын техника мен ауырту және қылқындыру тәсілдерін пайдалануға болады. Бұл жолы жарысқа 18 жастан асқан палуандар жиналды. Ал төрелік еткен – Астана қаласының «Стрела-Альянс» клубының кәсіби қазылары.

Берік Сүлейменов – жарыс төрешісі, Астана:

-Алаңға ақ белбеумен шыққандар 5 минут белдеседі. Өйткені, олар палуандар қатарына енді ғана қосылғандар. Ал көк түстегілер 6 минуттан көп күреседі. Ойын олимпиадалық жүйемен өтуде.

Солтүстікқазақстандық спортшылар дәл осындай қайырымдылық жарысын алдағы уақытта тағы да өткізуді жоспарлап отыр.


 

Айгерим Ержанова