Аптадағы маңызды жаңалықтар

Астанада СҚО ауыл шаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесі өтті

Таңның атысынан Хан Шатыр ойын-сауық орталығының маңы жәрмеңке алаңына айналды. Елорда тұрғындары құнарлы теріскей топырағында өсіп, өндірілген тауарды сатып алу үшін ұзын-сонар кезекке тұрды. Булаев майы астаналықтардың ерешке сұранысында. Тілеукен Алдабергенов солтүстікқазақстандық өнімді отбасымен күнделікті тұтынады. Сондықтан, сәті түскенде Булаев сары майын молынан алуды жөн санап отыр.

Тілеукен Алдабергенов – Астана қаласының тұрғыны:

-Мен Булаев майын алуға келдім. Қазір солтүстікқазақстандық өнімнің 20 қорапшасын үйге апарамын.

Қойнауы астыққа, жайлауы төрт түлікке толы теріскей өңірінің еңбекқор азаматтары елордалықтарға 58 тонна ет, 14 тонна сүт пен май өнімдері және 450 тонна көкөніс, 15 тонна балық пен 200 жәшік жұмыртқа әкелген. Сонда санай келе солтүстікқазақстандық кәсіпкерлер астаналықтарға тауардың 100-ден аса аталымын ұсынған.

Айдарбек Сапаров – СҚО әкімінің бірінші орынбасары:

-Солтүстік Қазақстан облысынан 250 шаруашылық келіп отыр. Астана қаласындағы жәрмеңкеге жыл сайын қатысамыз. Әкелген өніміміз – 900 тонна. Оның 600 жүз тоннасын картоп пен көкөніс құрайды. Азық-түліктің бағасы нарықтағымен салыстырғанда 20-25%-ға арзан.

Биылғы жылы Сарыарқа төсінде ауыл шаруашылық жәрмеңкесі 11-інші рет ұйымдастырылып отыр. Кезекті шараны Астана қаласы әкімдігінің өкілдері де тамашалады. Олар жерлестеріміздің елорда тұрғындары үшін арнайы дайындаған өнімдеріне оң бағаларын берді.

Гүлмира Ермолдина, Астана қаласы ауылшаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:

-Солтүстікқазақстандық тауарларға Астанада сұраныс өте жоғары. Біздің тұрғындарға сіздердің өнімдеріңіздің сапасы ұнайды. Сондықтан жыл сайын келіп тұрсаңыздар екен.

Жәрмеңкеде жоғары сұрыпты ұнның келісі 45 теңгеден сатылды. Сүттің де бір литрі сол шамада. Астаналықтардың көбі теріскейлік етті сүйсініп жейтін көрінеді. Бұны жақсы білетін өңір аудандарының тұрғындары мал өнімдерін мүмкіндігінше көбірек әкелуге тырысыпты. Таңдау мол, бірақ, кезектің үлкендігінен сатушылар қызмет көрсетуге, тіпті үлгермей жатты.

Ағайша Шаяхметова – “Шаяхметов” ЖК директоры, Тимирязев ауданы:

-Таңертеңнен бері саудамыз жақсы жүруде. Тұтынушылар келіп қаз, үйрек еттерін көптеп алуда.

Сондай-ақ, сөрелерде рет-ретімен жайғастырылған балға да қызығушылық танытқандардың қатары көп болды. Өз өнімін 20 жылдан астам уақыттан бері саудаға шығарып келе жатқан «Шуцкие» жеке кәсіпкерлігі теріскейден астаналықтарға 500 келі бал жеткізген. Олар екі күнге ұласатын жәрмеңкеде әкелген тауардың бірін де қалдырмай сататындарына сенімді.

Лилия Шуцкая – “Шуцкие” ЖК директоры, Ғ. Мүсірепов ауданы:

-Біз донник, гүл, карпат тұқымдас бал әкелдік. Төл өніміміздің 1 келісін 1100 теңгеден сатамыз. Сонымен қатар, зейнеткерлер мен мүгедек адамдарда жеңілдік жасап өткізудеміз. Әзірге саудамыз жақсы. Былтырғы жылы да елорда тұрғындарына өз балымызды сатқан болатынбыз.

Құнарлы топырақта піскен көкөністерді де елордалық тұтынушылар қаппен әкетіп жатты. Картоптың келісі небары 45-50 теңгеден саудаланды. Бұл елорданың ең арзан деген базарларындағы бағалардан 15-20 теңгеге төмен. Ерболат Қайсенов сауда жасап тұрған шатыр маңы бір сәтке де адамдардан босамады. Жеке кәсіпкер жәрмеңкеге 12 тонна картоп әкеліпті.

Ерболат Қайсенов – «Қайсенов» ЖК директоры, Жамбыл ауданы:

-Біз Астанаға жыл сайын келеміз. Жәрмеңкедегі баға біздер және тұтынушылар үшін де жақсы. Елордалықтар біздің өнімді ұнатып алады. Олардың айтуынша сапасы жақсы, қысқы уақытта сақтауға өте қолайлы дейді. Жергілікті тұрғындарға азық-түлігіміз ұнаса болды.

Дәстүрлі жәрмеңкеге Айыртау ауданының шаруалары да белсенді қатысуда. Олар биыл жалпы сомасы 5 млн теңгеден асатын 45 тоннаның тауарын саудаламақшы.

Аманбек Махметов – Айыртау ауданы әкімінің орынбасары:

-Айыртау ауданынан 10 қара мал, 3 жылқы, 20 қой, 1 мың қаз-үйрек әкелдік. Екі күн бойы өнімімізді саудалаймыз.

Шұрайлы жерімізде дайындалған өнім сапылы әрі таза болғандықтан табиғи дәрумендерге бай екенін де ескеру қажет. Әрі бағалары да қалта қақпайды.

-Бүгін ярмаркаға келіп мен май алдым. Қазір жұмыртқа, картоп аламын.

-Солтүстікқазақстандық өнімдердің сапасы жақсы екендігін білеміз. Қарпайым тұрғындарға қалта көтерерлік.

-Жәрмеңке болады дегенді естіп бірден осында келдік.

-Ұн алдық 1 сортты 70 теңгеге. Картоп, жұмыртқа алдық. Арзан. Бірінші рет келіп отырған жоқпын. Ылғи келеміз.

-Бүгін жанұмызбен май, сүт аламыз. Сіздердің сүттен жасалған өнімдеріңіз тіл үйіреді.

Байболат Құлтанов:

-Ауыл шаруашылық жәрмеңкесінде қаза-қатар тігілген шатырлардан бөлек, мынандай үлкен сахна да тұрғызылған. Ол жерде қостанайлық және теріскейлік өнер ұжымдары ән жырларымен қуантуда.

Сауда алаңында, сондай ақ шағын концерттік бағдарлама да ұйымдастырылды. Онда Солтүстік Қазақстан өңірі түлеткен жезтаңдай әншілер мен мың бұралған бишілер жәрмеңке қонақтарына әуезді де әуенді кеш тарту етті. Сахна төріне шыққан әншілер көрермендерді құлақтың құрышын қандырар әсем сазбен баурай білді.

 

 

Култанов Байболат