МТРА жаңалықтары

“Диқаншы Фирмасы” диірмен кешені осы жылдың 9 айында 500 миллин теңгенің өнімін саудалады

Виталий Мозгель – “Диқаншы Фирмасы” ЖШС өндірістік база басшысы:

-Өткен жылы күзгі орақ науқанын мерзімінде аяқтауға жаңбырлы күндер кедергі келтірді. Салдарынан диірмен кешеніне жеткізілген бидайдың сапасы өте төмен болды. Ол өндірістің тұралап қалуына әсер етті. Осы проблеманы ескере келе ағымдағы жылы қос жаңа шетелдік қондырғыны іске қостық. Енді қабылданған астықты өзімізде кептіреміз. Қазірде серіктестік күніне 60-тан 80 тоннаға дейін ұн шығарса, айына оның көлемі 2 мың-2 мың 400 тоннаға дейін жетеді.

Бұл – зауыттың ішкі бөлігі. Мұнда жұмыстың нақ қызған шағы. Мына қондырғылардан бидай сұрыпталып, ұсақтаудан өтеді. Істің айна-қатесіз орындалуын осындағы маман Валерий Загребаев бақылауда.

Валерий Загребаев – “Диқаншы Фирмасы” ЖШС операторы:

-Жұмысым өзіме ұнайды. Жалақымызды уақытылы беріп тұрады. Еңбек етуге бар жағдай жасалған.

Бүгінде серіктестік жоғары, бірінші, екінші және үшінші сұрыпты бидай өндіреді. Оған қоса мекеме кебек пен өзге астық қалдықтарын да кәдеге жаратып, пайда тауып отыр. Диірмен кешені бидайды облыс аумағындағы ауылшаруашылығы тауар өндірушілерінен сатып алады екен. Осы жерден шыққан дайын ұн еліміз бен Өзбекстан, Тәжікстан және Ауғанстан елдеріне экспортталады.

Виталий Мозгель – “Диқаншы Фирмасы” ЖШС өндірістік база басшысы:

-Өнімімізге сұраныс бар. Негізінен ұнды Петропавлдағы наубайханаларға жеткіземіз. Ал басым бөлігін шет мемлекеттерге саудалаудамыз.

Ұн өңдеу кәсіпорнының мақсат-жоспары айқын. Келешекте серіктестік басшылығы ұн қаптайтын өндірістік желіні қайта жаңғыртудан өткізбекші.

 

 

Бакыт Садуакасов