Денсаулық сақтау

Петропавлға үш күндік сапармен израильдік онколог мамандар келді

Кушер Түренов – емделуші:

-Қазір жағдайым жақсы. Дәрігерлердің бақылауындамын. Енді ем-дом қабылдай бастаймын. Тамақ ішуім жақсарды. Ақ халаттыларға алғысымды білдіремін. Солардың арқасында ауруым уақытында анықталды. Бір сөзбен айтқанда ажалдан алып қалды.

Бүгінде Кушер Түренов өзін жақсы сезінеді. Дәрігерлердің айтуынша, оны алда әлі бірқатар емдік шаралар күтуде. Бірақ, ең бастысы ота жасалып, өзінің оң нәтижесін берді.

Марат Садықов – Обылстық онкологиялық диспансердің бас дәрігерінің орынбасары:

-Бүгінде емделушіКушердің жағдайы жақсы. Бір қалыпты. Біздің ауруханаға 5-ші қазан күні түсті. 8-і мамандар оған ота жасады. Емделушінің жасын ескере отыра, біз адамдарға бұл аурудың емделетінін жеткізгіміз келеді. Кеше ғана бұл жігіттің Израильден келген әріптестеріміз де қарап шықты. Біздің жұмысымызға оң баға беріп, алған бағытымыздың дұрыстығын айтты.

Шетелдік меймандар өңірімізге «Шексіз медицина» бағдарламасы аясында келіпті. Бұл республикалық жоба дәрігерлердің тәжірибе алмасуына мүмкіндік туғызуда.
Іс-сапарлары барысында израильдік мамандар облыстық онкологиялық диспансердің ақ халаттыларымен бірігіп, ісік ауруларын емдеу тәсілдерін қарастырған. Сонымен қатар, Хайф қаласынан келген қонақтар қатерлі ісікке душар болған 60-қа жуық солтүстікқазақстандықты қабылдапты.

Роман Барак – «HOREV MEDICAL CENTER» клиникасының бас дәрігері, Израиль:

-Солтүстік Қазақстан облысына келуіміздің басты себебі, осы жақта онкологиялық ауруға шалдыққандар саны көп екен. Айту керек, бұл өңірде емдеу технологиясы дәл біздікіндей. Ешқандай айырмашылық жоқ. Пайдаланатын құрал-жабдықтар да бірдей. Ал жергілікті мамандар жоғары білікті, тәжірибелі екен.

Облыста соңғы 9 айдың ішінде ісік ауруына шалдыққандардың саны 4,5%-ға артқан. Оның 60 пайызы зейнет жасындағы адамдар екен. Айту керек, біздің өңірде өкпе, сүт бездері, тері және асқазан ісігі жиі кездеседі.

Ермек Әбдірімов – Облыстық онкологиялық диспансердің бас дәрігері:

-Бүгінде біздің өңірде онкологиялық ауру белең алуда. Мәселен, жыл басынан обыр ауруына шалдыққандардың саны 4,5 пайызға артқан. Бұл 1000 адамға шаққандағы 321-і – осы кеселге душар болғандар. Өкінішке орай өлім-жітім де көбейіп кетті. Көп жағдайда емделушілер бізге ауруларын асқындырып келеді.

Бұл кесапатқа бой алдырмас үшін дәрігерлер жүргізіліп жатқан скринингтік зерттеулерге барып, жоспарлы алдын ала тексеруден өтіп тұру қажет дейді.

 

 

Айгерим Ержанова