Білім

Петропавл гуманитарлық-техникалық колледжінде студенттер арасында сайыс өтті

Регина Калиновская – студент:

-Бұл конкурсқа мен өз білім деңгейімді тексеру үшін қатыстым. Жалпы өнеркәсіп жабдығы номинациясында тығынды әзірлеуім керек болды. Ол үшін мен станокқа арнайы бағдарлама жасап, қажетті бөлшек құрадым. Оған шамамен 1,5-2 сағат уақыт кетеді. Жүктелген міндетті жақсы нәтижемен орындадым.

Ал бұл – сайыстың шағын габаритті қондырғы деп аталатын екінші номинациясы. Дәл қазір 4-ші курс студенті Нұрсұлтан Гапуржанов ноутбукте арнайы қосымшаның көмегімен сызбалар арқылы бағдарлама құрастыруда. Кейін оны сандық бағдарлама басқару станогына орнатып, қажетті бөлшекті жасайды.

Нұрсұлтан Гапуржанов – студент:

-Бұл номинация бірнеше кезеңнен тұрады. Алғашқысында диаметрді тесіп, жырашық пен бұранданы жасау керек. Ол үшін сүйеу болатын нүктелердің координаталарын санау қажет. Кейін барлығын станокқа орнатып, бөлшекті әзірлейміз.

Білім ордасының 85 жылдығына орай ұйымдастырылған сайысқа 6 студент қатысты. Барлығы да машина жасау технологиясы мамандығына оқиды. Мұндай байқаулар шәкірттердің теорияны тәжірибемен ұштастыруына үлкен сеп болады дейді ұйымдастырушылар. Жалпы байқау қорытындысы бойынша барлық жеңімпаздар мен жүлдегерлер мақтау қағазымен марапатталды.

 

 

Риат Шони