Аптадағы маңызды жаңалықтар

Өңірде күзгі орақ науқаны аяқталды

Анна Хламова – «Сұлтан-элеватор-диiрмен-макарон кешенi» АҚ бидай зертханасының меңгерушісі:

-Күніне егіннің 1500-1700 тоннасын қабылдаймыз. Шаруалар бір айда 32 мың тонна өнім жеткізеді. Астықтың ылғалдылығы 14-тен 28 пайызға дейін. Балауыздығы да әр түрлі болып келеді. 16 пайыздығы да бар. 25 пайыздысы да жеткізіледі. Әрине, барлығын тексеріп, қатты бидайды макарон жасауға өзімізге қалдырып жатырмыз.

Жалпы биыл өңір диқандары 4,4 млн га жерге ырыс дәнін сіңіріпті. Соның 3 млн 200 мың гектарына бидай, қалғанына майлы дақылдар егілген. Бүгін теріскей шаруалары ала жаздай маңдай терін төгіп, еккен егінін қар түспей жиып үлгерді.

Айдарбек Сапаров – СҚО әкімінің бірінші орынбасары:

-5 млн 425 мың тонна астық қамбаға құйылды. Орташа өнімі 16,9 центнер гектарынан. Мұның барлығы мемлекеттік қолдаудың арқасында. Уақытылы субсидия, арзандатылған жанар-жағармай берілді. Осының барлығының арқасында жақсы өнім алдық. Кей аудандардағы гектар берекелігі 20 центнерден шықты. Олар – Қызылжар, Жамбыл және Есіл аудандары.

Жиын-терім жұмыстары барысында шаруаларды астықты сатып алу мәселесі алаңдатқан болатын. Бірақ, биыл бұл проблема уақытылы шешіліп, бүгіндері Азық-түлік келісім шарт корпорациясы өңір диқандарынан астықты қабылдап жатыр.

Айдарбек Сапаров – СҚО әкімінің бірінші орынбасары:

-Биылғы жылы нарықта бидайдың бағасы 38 мың теңгеден 42 мың теңгеге дейін. Корпорация бидайды бүгіндері 42 мың теңгеден алып жатыр. Бүгіндері алынған несиелердің 30 пайызы қайтарылды. Әрі қарай бұл саладағы жұмыстар жүргізілетін болады.

«Қыс арбаңды, жаз шанаңды сайла» деген қағиданы ұстанатын өңір шаруалары қазір келесі жылғы егіс науқанына да даярлануда. Қамбаларға тұқым қоры толық мөлшерде жеткізілген. Мамлют ауданына қарасты «Новомихайловская-2003» ЖШС қазір бар техникасы тоқтап тұр. Өйткені, мұндағылар 3-4 күн бұрын орақ науқанын аяқтаған.

Геннадий Щеголев – «Новомихайловское-2003» ЖШС директоры, Мамлют ауданы:

-Шаруашылық 6 мың гектар жерге бидай, тағы 3 мың гектардан астам жерге майлы дақылдарды екті. Орақ науқанын бастағанда астықтың ылғалдылығы жоғары болған. Соған қарамастан нанды жинай бастадық. Гектар берекелігі 23,3 центнерден айналды. Жалпы 15 мың тонна өнім жиналды. Бізде 14 жоғары өнімді комбайн бар. Еш қиындық болған жоқ. Жеткілікті тұқым қорымен де қамтылдық.

Жалпы өңір шаруаларына биыл Үкімет тарапынан 17 млрд теңге субсидия бөлініпті. Соның 10 млрд теңгесі – өсімдік, қалған 7 млрд теңгесі мал шаруашылығын дамытуға бағытталған екен.

 

 

Магжан Ахмадина