Денсаулық сақтау

2009 жылдан “Дипломмен ауылға” бағдарламасы аясында 2 827 солтүстікқазақстандық маман ауылға тартылды

Қай салада болмасын мамандардың біліктілігі жетілдіріліп, оларды түрлі ынталандыру тетіктері мен жеңілдіктер арқылы ауылға тарту ісі жалғасуда. Шыны керек, осы күні елді-мекендерде тұратындардың басым көпшілігі зейнет жасындағылар. Торсан Кокиев жастарға әлеуметтік тұрғыдан жақсы жағдай жасалу қажет. Сонда білікті кадрлар еш нәрсеге алаңдамай, ісін тыңғылықты атқарады дейді 40 жыл бойы ауылда есепші болып еңбек еткен қария.

Торсан Кокиев, зейнеткер, Бескөл ауылының тұрғыны:

-Маманның жағдайы жақсы болса ол уақытпен санаспай таңертеңнен кешке дейін жұмыс істеуге бар.

Олег Лукашкин -дәрігер. Ол жыл басында Қызылжар аудандық орталық ауруханасына жұмысқа орналасып, жақында “Дипломмен ауылға” бағдарламасы аясында көтерме ақы мен баспана сатып алу үшін несие түріндегі қарыз алды. Қазір зайыбы мен 2 баласын Тимирязев ауданынан көшіріп әкеліп, жұмысын алаңсыз істеп жүрген жайы бар.

Олег Лукашкин, Қызылжар аудандық орталық ауруханасының учаскелік терапевт-профпатологы:

-Адамдарды емдеп, олардың денсаулықтарына жауап беру өзіме ұнайды. Жанұямда дәрігерлер жоқ, әйелім қазір медбикенің оқуын оқып жүр. Биыл жеңілдікті пайдаланып тұрмыс жағдайымды жақсартып алдық. Дипломмен ауылға бағдарламасы аясында жылдық 0,1 пайызбен 15 жылға несие рәсімдеп баспана сатып алдым. Менің ойымша, мұндай жеңілдікті жастар пайдаланып қалу қажет.

Елімізде “Дипломмен ауылға” бағдарламасы 2009 жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Сол уақыттан бері өңірдегі елді-мекендерге 2 800-ден астам маман тартылды. Бүгінде аталған жұмыстар жалғасын тауып келеді.

Жанар Ахмеева, СҚО Экономика басқармасының бөлім басшысы:

-2015 жылы “Дипломмен ауылға” бағдарламасы аясында ел қазынасынан 416 млн. 220 мың тг. қарастырылған. Ол мамандардың баспанасына жұмсалады. Онымен қоса аудандардың бюджеттерінен жалпы сомасы 44 млн теңге бөлінді. Оны жергілікті әкімдіктегілер білікті кадрларға көтермеақы ретінде үлестіреді.

Әр жылдағы бір маманға берілетін көтерме жәрдемақының көлемі айлық есептік көрсеткіш мөлшеріне байланысты түрліше белгіленеді. Биыл қаржылай көмектің сомасы 138 мың 740 теңгені құрайды. Осы жылы баспана салу немесе оны сатып алу үшін бюджеттен 2 млн. 973 мың теңге несие түріндегі қарыз алуға болады. Айта кетейік, үстіміздегі жылы жас мамандардың көбі Қызылжар, Айыртау, Ғ.Мүсірепов, Есіл аудандарын таңдапты.

 

Берик Касен