МТРА жаңалықтары

Петропавл қаласының өрт сөндірушілері сауда үйінде оқу-жаттығу жұмыстарын өткізді

Белгілі болғандай, қызыл жалын сауда орталығының бірінші қабатындағы 90 шаршы метр аумақты шарпыған. Нысан аумағын толықтай қоршаған құтқару қызметі жедел ғимарат ішіндегі сатушылар мен қызметкерлерді сыртқа шығарып, өртті ауыздықтауға кірісті. Абырой болғанда, бұл жай ғана оқу-жаттығу жұмыстары.

Серік Битанов – Петропавл қалалық №3-ші өрт сөндіру бөлімінің бастығы:

-Нысанда қызыл жалын орын алған жағдайда, оны сөндіруге қаладағы барлық өрт сөндіру бөлімдері жұмылдырылады. Ғимараттың бір ерекшелігі – нысанда автоматтандырылған өрт сөндіру гидранттары өздігінен іске қосылады. Бұл жолғы оқу-жаттығуға 70-тен аса өрт сөндіруші мен 9 бірлік техника тартылды.

Оқиға орнына құтқарушылармен бірге Петропавл қалалық ІІБ жедел уәкілдері де жетті. Өрт шын мәнінде орын алған жағдайда тәртіп сақшылары сауда нүктесіндегі тауарлардың жоғалмауын қадағалайды.

Аслан Есендықов – Петропавл қалалық ІІБ 1-ші полиция бөлімінің тергеушісі:

-Бүгін біздің бөлімге “Тайга” базарында өрт шыққандығы жөнінде ақпарат келіп түсті. Хабарды естісімен, тергеу бөлімі оқиға орнына келіп жетті.

“Тайга” базарында саудасын дөңгелетіп отырған сатушылар да мұндай оқу-жаттығу жұмыстарын өткізудің маңызды екендігін айтады.

Толқын Усеинова – сатушы:

-Жаттығу жұмыстары өте маңызды. Сауда үйіде адамдар көп жүреді. Мұндай жаттығулар қажет.

Өрт сөндірушілер ірі сауда орындарында оқу-жаттығу жұмыстарын жылына бірнеше мәрте өткізеді.

 

 

Бакыт Садуакасов