Мәдениет

Омбы мемлекеттік қуыршақ театры СҚО өнер көрсетуде

Дмитрий Войдак, «Арлекин» Омбы мемлекеттік қуыршақ, актер, маска театрының әртісі:

-Солтүстік ертегілерін қойып жүргенімізге екі жыл болды. Авторы – Михаил Супонин, режиссері – РФ еңбек сіңірген әртісі Эдуарт Ураков. Ертегі 7 жасқа дейінгі балаларға арналған. Оларды достыққа, ізгілікке шақырады. Бастысы бір-біріне көмек көрсету арқылы жаман адамдарды мейірімді етуге болады. Спектакль кішкентай көрерменге осындай ой салады.

“Солтүстік ертегілерін” Омбы мемлекеттік қуыршақ театрының тәжірибелі әртістері – Наталья мен Дмитрий Войдактар және Геннадий Власов ойнайды. Бас-аяғы үш әртіс кейіпкерді бірде өздері ойнаса, бірде марианет қуыршақтарды сөйлетті. Өңірімізге 2 күнге гастрольге келген меймандар қаладағы барлық балабақшаларды аралап, балақайларды ертегілерімен қуантпақ.

Мейрам Сексенбаев, Облыстық қуыршақ театрының көркемдік жетекшісі:

-Омбы қуыршақ театрының сексен жылдық тарихы бар. Ал біздің құрылғанымызға небары – 25 жыл. Қазір біздің ұжым керісінше Омбы қаласында гастрольдеп жүр. Тәжірибелі театрмен осылайша тәжірибе алмасып отырмыз.

Ертектің соңында бас кейіпкер мұратына жетіп, сандықшаның кілтін тауып алады. Арманды орындайтын қобдишадан кішкентай чукча алыпқа ақыл беріп, зұлым әйелді мейірімді етуін сұрайды.

Омбы қаласынан келген әртістер петропавлдық кішкентай бүлдіршіндердің еркелікке басып шуламай, ертегіні зейін сала тыңдағандарын айтты. Бұл оларға балабақшада берілген жақсы тәрбиенің белгісі ме әлде қойылымның бөбектерге соншалықты ұнағаны ма? Бүлдіршіндерді сөзге тарттық.

-Ұл. Маған ұнады. Күлетін жерлері де көп. Мен балабақшадағы достарыммен келдім. Бізді тәрбиешіміз әкелді.

-Маған алып ұнады. Ол қорқынышты болғанымен өте мейірімді әрі ақымақтау.

Қазанның 17-сі күні омбылық меймандар балаларға “Ақымақ тышқан” қойылымын ұсынбақ.

 

 

Акбопе Танирберген