Қоғам

Петропавлда жыл соңына дейін 3 тұрғын үй қолданысқа беріледі

Бауыржан Бейсембаев – Петропавл қаласы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің сектор меңгерушісі:

-Қазіргі кезде баспаналы болам деген тұрғындардың өтініштері қаралып, тиісті шешімдер шықты. Толық мәліметті Петропавл қалалық әкімдігінің ресми сайтына кіріп, көруге болады. Ең бастысы – баспаналы болатын азаматтың тұрақты жұмысы мен жалақысы болуы шарт.

Үстіміздегі жылы Петропавл қаласында “Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі” желісі бойынша көппәтерлі 2 үй тапсырылса, “Жас отбасы” бағдарламасы бойынша да қос баспана иелерін тапқан. Енді келер жылы 3 нысанды пайдалануға беру көзделіп отыр.

Бауыржан Бейсембаев – Петропавл қаласы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің сектор меңгерушісі:

-Биыл “Қазақстан ипотекалық компаниясы” АҚ-ның қаржысына қаладағы Юбилейный мен Семашко көшелерінің қиылысында көпқабатты тұрғын үй салынып жатыр. Осы күні нысанда құрылыс жұмыстары кестеге сәйкес жүргізілуде. Әзірге, ғимараттың екі қабаты тұрғызылды. Бұл үйді келер жылдың соңында тапсырамыз.

Мәселен, “Береке” ықшам ауданындағы Гастело көшесі 50 және 52 мекен жайларындағы 5 қабатты тұрғын үйлердің тапсырылатын күні де алыс емес. Солардың бірін “Стройкомпания” серіктестігі тұрғызыпты. Қазірде үйге қосалқы мердігер газ құрылғыларын орнатуда.

Николай Литвинов – “Миг” ЖШС прорабы:

-Біз пәтерлерге газ плиталарын қоюдамыз. Атқарылуы тиіс шаруаның 90 пайызы тындырылды. Жақын күндері жұмыстарды толықтай аяқтаймыз.

Бүгінде Петропавл қаласында 11 мыңнан астам адам баспана кезегінде тұр.

 

 

Бакыт Садуакасов