Аптадағы маңызды жаңалықтар

Астана қаласында өтетін жәрмеңкеге солтүстікқазақстандықтар 600 тонна өнім апарады

Алтынбек Абдоллаев – СҚО ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:

-Өңірімізде үкіметтің “Сыбаға”, “Алтын асық”, “Құлан” сынды бағдарламаларын қолданып отырған кәсіпкерлер жетерлік. Осы жолы оларменде хабарласып, жәрмеңкеге қатысуды сұрадық. Көбі өз келісімін берді.

Жәрмеңкеге жалпы сомасы 175 млн теңгені құрайтын 600 тонна өнім апарылады деп жоспарлануда. Сөреге қойылатын барлық тауар дүкендегіден 20-35 пайызға төмен бағамен саудаланады. Атап айтатын болсақ, жылқы етінің құны 1200-1300, ал картоптың келісі 45-50 теңгеге бағаланып отыр.

Алтынбек Абдоллаев – СҚО ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:

-Петропавлда тауарды қайта өңдеу шаруашылықтары дамыған. Астана қаласында өтетін жәрмеңкеге сол кәсіпкерлерді де тарттық. Жалпы облыс орталығынан 20-ға жуық кәсіпорын қатыспақ.

Солтүстікқазақстандықтар еліміздің бас қаласына бейсенбі күні аттанбақ. Олар демалыс күндері өтетін ауқымды шараға дайындық жасайды. Айта кету қажет, былтыр жерлестеріміз Астанадағы ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесінде 420 тонна өнім сатып, 120 млн теңгенің табысын тапты.

 

 

Риат Шони