Қоғам

“Петропавл аруы – 2015” байқауының жеңімпазы анықталды

Ақбөпе Тәңірбеген, тілші:

-Осыған дейін “Петропавл аруы” байқауы 2005 жылы ұйымдастырылған екен. Араға 10 жыл салып қайта қолға алынған шараға 16-27 жас аралағындағы қаламыздың ең сұлу 15 аруы қатысуда.

М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-нің 3-курс студенті Алина Хлевова оқу орнында ұйымдастырылатын “Университет маржаны” байқауының 2013 жылғы жеңімпазы. Сұлулығы мен сымбатына сенімді бикеш бүгін басты сыйлық тәжді иемденгісі келетінін жасырмады.

Алина Хлевова, байқауға қатысушы:

-Бір айдан артық уақыт бойы жұмасына 4 рет дайындық жүрді. Бізбен арнайы хореографтар жұмыс жасады. Көп қыздар мұндай байқауға бірінші рет қатысып отыр. Сондықтан, сахнада жүріп-тұрудан бастап бәрін қайталадық. Бірінші шыққанда киген көйлектер мен арнайы стильдегі костюмдеріміз бірдей. Ал соңғысы – кешкі көйлектерді әрқайсымыз жеке-жеке таңдадық. Шаш үлгісі мен бетімізді де өзіміз әрледік.

Байқауға қатысуға көптеген петропавлдық бойжеткен ниет танытыпты. Олардың арасында арнайы кастинг жүргізіліп, іріктеу кезеңі де өткізілген. Бүгінгі шешуші кезеңге барлық талаптарға сай ару ғана өте алған.

Андрей Ударцев, байқауды ұйымдастырушы:

-Қатысуға ниет білдірген қыздар өте көп. Олардың әрқайсысы өте бермейді. Себебі, талап қатаң. Араларында арнайы таңдау ұйымдастырылып, қыздың бет кескіні, дене бітіміне назар аударылды.

Қаланың ең әдемі аруы атағына үміткерлер сахнада өзін-өзі ұстау мәдениеті мен сәнді көйлектерін көрсетіп қана қоймай, қабілет-қарымын паш етті, мәңгілік құндылықтар жөніндегі пайым-түсініктерін ортаға салды. Шара соңына таяғанда қатысушылар мен көрермендердің қобалжуы басым болды. Қазыларға да ақылына көркі сай деген қала аруын таңдау қиынға соқты. Дегенмен, байқауда бағы мен бабы келіскен – Алина Хлевова жеңімпаз атанды. “Петропавл -аруы” өз қуанышымен бөлісті.

Алина Хлевова, “Петропавл аруы – 2015” байқауының жеңімпазы:

-Қатты толқып тұрмын. Үлкен бақталастықта жеңіп шыққаныма қуаныштымын. Құрбыларымның, жақындарымның үмітін ақтай алдым. Қолдау танытқандарға алғысым шексіз.

Енді Алина Петропавл қаласының намысын “Қазақстан аруы” байқауында қорғайтын болады.

 

 

Акбопе Танирберген