Спорт

Облыс орталығында үздік боулинг ойыншысы анықталды

Ботагөз Жүнісова – «Bowling Centre №1» ойын-сауық кешені директорының орынбасары:

-Біздің турнир коммерциялық болғандықтан мұнда қатысушылар ақша төлейді. Ойын құны кісі басына 3 мың теңге көлемінде. Жалпы сайысқа кез келген адам қатыса алады. Жас ерекшелігіне шектеу қойылмайды. Кейбіреуі тіпті отбасыларымен ат салысуда. Турнирге алғаш рет қатысып отырғандарға біз жеңілдік жасап, оларға алдын ала 8 ұпай қосып береміз.

Айта кету қажет, қатысушылардың саны неғұрлым көп болса, сыйақы қоры да соғұрлым мол болады. Осы жолғы сайыста өз бағын сынауға боулинг ойынына құмартқан 14 жан ниет танытыпты. Олардың арасында 18 жасар Вячеслав Гаврисенко да бар. Жеткіншек мұндай жарысқа алғаш рет қатысқалы отыр. Азулы қарсыластары көп болса да ол жеңістен дәмелімін дейді.

Вячеслав Гаврисенко – “Қала кубогі” турниріне қатысушы:

-Бүгін боулинг ойынынан турнир болатынын таңертең ғана естідім. Маған бұл жайында әкем айтты. Көп ойланбастан өз бағымды сынауға бел будым. Турнирде жүлдеге ілігуге тырысамын. Жолым болып жатса жеңімпаз да атанып қалармын.

Бүгінгі сайысқа жаңа ойыншылармен қатар ардагерлер де келіпті. Данис Нұрмұхаметов “Қала кубогі” турниріне 5-ші жыл қатарынан қатысуда. Ер азамат алғашқысында өз тобында бірінші орынды иеленіпті. Бүгін де сол жетістігімді қайталасам ба дейді.

Данис Нұрмұхаметова – “Қала кубогі” турниріне қатысушы:

-Боулингті біз демалу үшін ойнаймыз. Сонымен қатар, мұнда өзге адамдармен танысасың. Олардың шеберлігімен өзіңдікін салыстыруға болады. Жалпы өзім бұл турнирде жеңімпаз атанамын деген үміттемін.

Сайыс қорытындысы бойынша үздік үштікті Дмитрий Кряжка тұйықтады. Күміс жүлдені Дмитрий Калмыков иеленсе, турнирдің жеңімпазы Александр Леус атанды. Барлық жеңімпаздар мен жүлдегерлер сертификат және ақшалай сыйақымен марапатталды.

 

 

Риат Шони