Балалар

Бескөлде “Жан қанаты” атты мүгедектер фестивалі өтті

Максим Кузнецовтың мына еңбегі бірден жұртшылықтың назарын өзіне аударады. Ол үйде босап қалған конфет, шай ыдыстарының сыртқы қағаздарын лақтырмай, түрлі жүк көліктерінің көшірмесін жасайды екен. 30 жастағы азамат “Үздік қолөнер шебері” аталымында жеңімпаз болсам дейді. Бір қызығы, Максим кішкентай машиналарды құрастыруға небәрі жарты-ақ сағат уақыт жұмсайтын көрінеді.

Максим Кузнецов – байқауға қатысушы:

-Мен алғаш рет қағаздан көлік құрауды 18 жасымда үйрендім. Бірінші жұмысымды қалай жасағаным әлі есімде. Түнде ұйықтап жатқанмын. Кенеттен картоннан машина бөліктерін дайындап отырғанымды түсімде көрдім. Содан соң бірден ұйқымнан оянып кетіп, түсімде көрген жұмысымды өңімде жасадым. Маған содан бастап барлығы жеңіл болды. Қазір бір көлікті құрауға 30 минуттай уақыт кетеді.

Осыдан соң байқау акт залында жалғасты. Мұнда Қызылжар ауданының зағип жандары ән айтып сынға түсті. Дәл осы “Шырқайды жүрек” номинациясында 10 бірдей өнерпаз сайысты. Олардың қатарында 51 жастағы азамат Берік Ахметов та бар. Ол шарада домбырамен “Тайбурылдың шабысы-ай” атты халық әнін орындады.

Ердің жасы елуден енді асқан әншінің көзі сырқаттанған. Жерлесіміз – екінші топтағы мүгедек. Соған қарамастан ол әншілікпен жастайынан айналысады екен.

Берік Ахметов – байқауға қатысушы:

-21 жасымнан бастап ән шырқаймын. Өлең айтуды той-томалақтарда үйрендім.

Әуелеген ән шырқалып болған соң сахна төріне ақындар шықты. Өз жандарынан өлең құрайтын мүгедектер өмір, отан, махаббат туралы туындыларын оқыды.

Залға жиналған көрермен шығармашыл жандардың жырларын мұқият тыңдап, өз кезегінде қол шапалақтарын да аямады. “Жан қанаты” байқауы Қызылжар ауданында осымен екінші жыл қатарынан ұйымдастырылып отыр. Айта кеткен жөн, игі шараға қатысуға ниет танытқандардың қатары былтырғыға қарағанда артқан.

Руслан Растенов – Қызылжар ауданы әкімінің мүгедектер ісі жөніндегі көмекшісі:

-Биылғы фестивальда бақ сынап жатқан қатысушылар бізге өздері қоңырау шалып, шараны ұйымдыруды сұрады. Бұл дегеніміз – олардың өмірге деген белсенділіген көрсетеді. Мүгедектердің бойында жасырынап жатқан өнер көп. Соларды біздерге ашу керек. Келесі жылы шараның аясын кеңейтіп, облысымыздың басқа да аудандарынан өнерпаздарды шақырмақпыз.

Байқау соңында түрлі аталымда жеңімпаз деп танылған өнерпаздар марапатталды. Оларға медаль, дипломдармен қоса ақшалай және бағалы сыйлықтар табысталды.

 

Култанов Байболат