Аптадағы маңызды жаңалықтар

Қысқы уақытта қала көшелерінің тазалығын қамтамасыз ететін кәсіпорындар жұмысқа кірісуге 100 пайыз даяр

Биыл облыс орталығындағы жолдарды қалыпты жағдайда ұстауға 7 кәсіпорын ат салыспақ. Олардың қатарына жаңадан қосылған «Строй Агро Север» ЖШС бар. 2005 жылдан бері жол жөндеу жұмыстарымен айналысқан серіктестік, биыл көшелерді қардан арылтуға да шықпақ. Кәсіпорынның қарамағында 20 техника және 40 еңбеккер бар. Шаруаға енді кіріскелі отырған мекемеге аймақ жетекшісі бір ай көлемінде дайын болу керек екендігін ескертті.

Ерік Сұлтанов- СҚО әкімі:

-Бұл сіздер үшін алғашқы маңызды маусым. Сондықтан қолда бар техникаларды жөндеп, қалыпқа келтіру керек. Қалың қарға төтеп беру үшін бір ай көлемінде дайын болу шарт. Қала тазалығын қамтамасыз ету оңай емес, сондықтан әлі біраз үйрену қажет.

Ал бұл іспен бірнеше жылдан бері айналысып, қарды тазалауда бас мердігер компания атанған- «Су-808» ЖШС алдағы жұмысқа 100 пайыз дайын отыр.

Вячеслав Старухин- «Су-808» ЖШС директоры:

-Кәсіпорында 30 техника бар. Жұмыс қолы да жеткілікті. Жалпы қысқы уақытта әр кәсіпорынға тиесілі өзінің участоктары бар. Қала бірнеше секторларға бөлінген. Біз шаһардың 26 көшесін ақ ұлпадан аршимыз. Күндізгі уақытта жол қозғалысына кедергі келтірмеу үшін негізгі жұмыстарды әрине түнде атқаруға тырысамыз.

2015 жылы Петропавлдың көшелерін қысқы уақытта қалыпты жағдайда ұстауға 351 млн теңгеден астам қаржы бөлінген. Бүгіндері ол толығымен игерілді. Жалпы қыс мезгілінде қаланың 230-ға жуық көшесінде тазалық орнату үшін күн сайын 130 техника мен 300 адам жұмыс істемек.

Сейілжан Тастеміров- Петропавл қалалық тұрғын үй -коммуналдық шаруашылығы автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары:

-Қазіргі таңда кәсіпорындар барлығы әзір. Жанар-жағармай, инертті материалдармен толық қамтылған. 7 серіктестік 7 маршуртқа бөлініп қала тазалығын қамтамасыз ететін болады.

Биыл коммуналдық кәсіпорындар қысқы уақытта тазалық жұмыстарын жүргізу үшін қосымша 20 бірлік техника алыпты. Мамандар машина мен жұмыс күші шаһарды қалыпты жағдайда ұстауға жеткілікті болады деп отыр. Қысқа даярлықты бақылаған облыс әкімі Ерік Сұлтанов тиісті ведомства және мекеме басшыларына теріскейде қардың көп түсетіндігін қаперде ұстап, техникалардың әзрлігін үнемі тексеріп отыруды жүктеді.

 

 

Магжан Ахмадина