Ауыл шаруашылығы

“Дайындық” ЖШС орақ науқанын аяқтауға жақын

Вячеслав Герман – “Дайындық” ЖШС механизаторы:

-Еңбекақымды балаларыма ұстатамын. Былтыр үлкен ұлымның үй болуына көмектестім. Енді, осы жылы кіші қызымның отбасына қол ұшын бермекпін. Өзіме осы жерде жұмыс істеген ұнайды. Жалақыны уақытында төлейді.

“Дайындық” серіктестігі биылдыққа барлығы 14 мың тонна астық жинауды көздеп отыр. Бүгінде оның 11 мың тоннасы бастырылған. Бидайдың тұқымы – астаналық, 3-ші сыныпты. Ауа райының қолайлылығын дер кезінде пайдаланып қалуға тырысқан агроқұрылым жұмысшылары шаруаны аяқтауға жақын қалды.

Азамат Сағындықов – “Дайындық” ЖШС агрономы, Аққайың ауданы:

-Биыл біз 7 мың гектар егістік алқапқа астық өсірдік. Осы күні өнімнің 85 пайызын алып болдық. Биылғы гектар берекелігі 20 центнерден айналуда.

Серіктестік қарамағындағы алқаптарға бидай, арпа, сұлы және де майлы дақылдарды егеді екен. Сонымен қатар, биыл шаруашылық агрономдары төрт-түлікке арнап “сурандық” шөбін де өсіріпті.

Азамат Сағындықов – “Дайындық” ЖШС агрономы, Аққайың ауданы:

-Біз егін егуден басқа мал шаруашылығымен айналысамыз. Серіктестіктегі малдарға арнап “сурандық” шөп өсірдік.

Жалпы шаруашылықта орақ жұмыстарына 70 техника жұмылдырылған. Соның 6-уы – бидайды жинайтын комбайндар. Тағы біреуі – финдік “Сампо” техникалары. Оны серіктестік басшылығы 58 милион теңгеге сатып алған. Агроқұрылым диқандары ауа райы қолайлы күйін сақтаса орақ науқанын осы жексенбі күндері аяқтауды жоспарлап отыр.

 

 

Култанов Байболат