Мәдениет

Қызылжарда “Елім-ай” дастанының желісімен спекталь қойылды

Бұл оқиғадан кейін жұмылған жұдырықтай болған үш жүз үш жаққа ыдырап, өз ішінде билікке таласа бастайды. Көз алартып отырған жоңғарлар мұны тиімді пайдаланып, Қытай мен Ресейден мықты қару алып, қазақ жерін басып алады. Осындай қиын-қыстау кезеңде елді бірлікке шақырған дауылпаз баба Қожабергенді театрдың жас әртісі Нұрбол Асқаров сомдауда.

Нұрбол Асқаров, С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының актері:

-Менің алғашқы басты рөлім. Өте қиын болды. Дайындалдық. Көрерменге жеткіздік деген ойдамын.

Спектакльде әр тұлғаны айшықтап тұратын жеке-жеке костюмдер жоқ. Бір әртіс сахнада бірнеше рөлді сомдай алады. Мәселен, олар – кейде жоңғар қоңтайшысы, біресе қазақ батыры, енді бірде орыс патшасының да кейпін бейнелеуде. Айту керек, басты кейіпкер жайлы нақты деректер аз болғандықтан аталмыш туындыны дайындау оңайға соқпаған. Бұл бағытта спектакльдің режиссері Батырбек Шамбетов пен ақын Аманжол Зағыпар көп еңбектенген көрінеді. Олар Қожабергеннің Елім-ай дастанын қара сөзге айналдырып, бұрын соңды сахналанбаған ерекше тарихи қойылымды жасап шығарған.

Батырбек Шамбетов – С.Мұқанов атындағы қазақ сазды- драма театрының бас режиссері:

-Бұл қойылымда 15 адам ойнайды. Жалпы Қожаберген жайлы нақты деректер жоқтың қасы. Сондықтан “Елім-ай” дастанының желісімен бүгінгі туындыны жасап шықтық. Көңілден шықты деп ойлаймыз.

Жоңғардың мылтық пен жарылғыш заттарына төтеп бере алмаған қазақ әскері көп шығынға ұшырайды. Десе де Қожабергеннің көргенділігі мен билердің даналығының арқасында қазақ әскері жау қолында кеткен жерлерін қайтарып алады. 17-ғасырдың аяғындағы тарихи кезеңді қамтыған спектакль сахнада 1 сағат 10 минутқа жалғасты. Қойылым көрерменнің көңілінен шықты.

Спектакль соңында әртістерге облыс әкімінің ықылас гүлі табысталды.

 

 

Акбопе Танирберген