МТРА жаңалықтары

Қалалық №3-ші мамандандырылған өрт сөндіру бөлімі ашық есік күнін ұйымдастырды

Серік Битанов – Петропавл қаласы №3 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің бастығы:

-Қазақстан Республикасының төтенше жағдайлар органдарының құрылғанына 20 жыл толуына орай бүгін №3 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімі ашық есік күнін ұйымдастыруда. Мұндағы көздеген мақсатымыз – БАҚ арқылы жұртшылыққа қызыл жалынмен арпалысушылардың жұмысын көрсету. Жалпы біздің бөлімде 56 адам қызмет етеді. Сонымен қатар, 3 негізгі және тағы сонша мамандандырылған техника бар.

Барлық баяндамалар тыңдалып, бекет қабылданғаннан кейін өрт сөндірушілерге аздап тынығып алуға болады. Бірақ.

Қалалық №3 мамандандырылған өрт сөндіру бөліміне жақын маңда өрт шықты деген хабар келіп түсті. Яғни, демалуға уақыт жоқ. Қызыл жалынмен арпалысушыларға тез арада арнайы киімдерін киіп, оқыс оқиға орын алған жерге дереу жету керек.

-Міне өрт қауіпсіздігі жайында дабыл келіп түсті. Бұл уақытта қызметкерлер тез арада жиналып үлгеруі қажет. Ол үшін небәрі 1 минут уақыт беріледі.

Бұл – оқу-жаттығу жиыны. Құтқарушы мамандар жаңа нысан – Спорт сарайының өрт қауіпсіздігі талаптарына толықтай сай екендігін тексеру қажет. Ғимарат 17 мың шаршы метр жерді алып жатыр.

Александр Надобенко – Спорт сарайының директоры:

-Нысан жақында ашылады. Осыған орай келіп-кетушілердің қауіпсіздігі үшін өрт сөндірушілермен бірге сарайдың ішін тексеруді жөн санадық. Қазір барлық дабыл қаққыштар орнатылу үстінде. Оқыс оқиға орын ала қалған жағдайда мұнда қосалқы шығу есіктері мен арнайы сатылар бар. Менің ойымша, алдағы уақытта барлығы жақсы болып, оларды қолданудың қажеті тумайды.

Ең әуелі өрт сөндірушілер алып мұз алаңына кіре берісті тексерді. Мұнда барлық электр желілер талапқа сай, “Шығу” деген жазу да диодты шаммен көмкерілген. Бұдан кейін мамандар жеңіл атлетикалық манежі бар бөлікке бет алды. Бұл жер де үлкен аумақты алып жатыр. Нысан ішіне заманауи үлгідегі жолақтар төселіпті. Дегенмен де қауіпсіздік – бірінші орында. Мекеме шатырының астында өрт сөндірушілер емін-еркін қимылдай алатын арнайы жол бар екен. Бұл қызыл жалынды ауыздықтауда айтарлықтай маңызды рөл атқарады. Спорт сарайының өрт қауіпсіздігіне толықтай сай екеніне көз жеткізген мамандар өздерінің оң бағасын берді.

Данияр Қазиев – Петропавл қаласы №3 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі:

-Нысанды толығымен бақылап шықтық. 8 құдығы бар 2 өрт гидранты орнатылыпты. Спорт сарайы толығымен өрт қауіпсіздігіне сай.

Сондай-ақ, Петропавл қаласы №3 мамандандырылған өрт сөндіру бөліміне ашық есік күнінде қонаққа “БЭСТ” мектеп-гимназиясының оқушылары келіпті. Балғындар өз өмірлерін қауіпке тігіп, қызыл жалынмен күресуші жандарға тақпақтарын айтып, салған суреттерін сыйлады.
Кейін оқушыларға арналып өрт сөндіру бөлімінің мұражайында экскурсия ұйымдастырылды. Балғындар бұл шағын саяхаттан мол әсер алғандықтарын айтты.

-Маған өрт сөндірушілердің машинасы ұнады. Олар үлкен және ішінде отыру ыңғайлы.

-Ал маған өрт сөндірушілердің дабыл қағылған кезде жылдам әрекет еткендері ұнады. Олар тез арада сатыға өрмелеп шығып, қызыл жалынды ауыздықтады.


 

Риат Шони