Аптадағы маңызды жаңалықтар

Есіл ауданы күзгі орақ науқанын аяқтауға жақын

Григорий Демиденко – “Заградовское” ЖШС элеваторының операторы, Есіл ауданы:

-Менің міндетім – әкелінген астықты тазарту және кептіру үрдісін бақылап отыру. Күніне 200 тонна ырыс дәнін кептіреміз. Өңделген бидайды аудан элеваторларына жіберіп жатырмыз.

“Заградовское” серіктестігі Есіл ауданындағы алдыңғы қатарлы шаруашылықтардың қатарында. Осыдан 21 жыл бұрын құрылған агроқұрылымның қазір 10 мың гектардан аса жері бар. Биыл ауа райы теріскейлік диқандарға оң қабақ танытқандай. Тамыздың 23-і орақ науқанын бастаған серіктестік қазанның 2-сі күзгі жиын-терімді толықтай аяқтаған. Дәнді-дақылдарды шашау шығармай қамбаға құйып алуға шетелдік тегеурінді комбайндардың үлесі қомақты болды дейді диқандар. Осы жылы серіктестік техника паркін су жаңа 4 КЛАСС комбайнымен толықтырған.

Иван Фисенко – “Заградовское” ЖШС директоры, Есіл ауданы:

-Биылғы астықтың шығымдылығы жақсы. Бидай 3-4 ші сыныпты. Әсіресе, 4-ші сыныпты дәннің үлесі басым. Келер жылға да тұқым қорын дайындап қойдық. Қазір 1200 тоннадай бидайды сату үшін Айыртау ауданындағы элеваторға жөнелтудеміз. Бидайдың көп бөлігін өзіміздің шағын астық сақтау қоймамызда ұстаймыз. Бағаның көтерілгенін күтеміз.

Үстіміздегі жылы Есіл ауданы 189 мың гектарға дәнді-дақыл сіңірген. Бүгінге шейін аудан аграрийлері жалпы егістіктің 94 пайызын жиып үлгеріпті.

Әбілхан Бижанов – Есіл ауданы әкімінің орынбасары:

-Ауданда егін науқаны өз мәресіне жетіп те қалды. Майлы дақылдастар 40 мың гектар жерге сіңіріліп, оның 70 пайыздан астамы бастырылды. Дәнді-дақылдардың өнімділігі гектарына 17 центнерден асады.

“Жұмыла көтерген жүк жеңіл”. Ауданда күзгі орақты мерзімінде аяқтаған ірілі-ұсақты серіктестік пен шаруа қожалықтары енді өзге диқандарға қол ұшын беріп жатқан жайы бар.

 

 

Бакыт Садуакасов