Спорт

Жерлес палуандар ел чемпионатынан жүлделі оралды

Жансая Сайдуллаева – СҚО спортқа дарынды балаларға мамандандырылған мектеп-интернатының 8-сынып оқушысы:

-Мен жарыста үш кездесу өткіздім. Соңғы шешуші белдесу өте қиын болды. Қарсыласыма тұншықтыру әдісі арқылы ұтылдым.

Грек-рим күресінен ҚазССР-дің еңбек сіңірген жаттықтырушысы Беспай Қайыповтың құрметінде өткізілген байрақты додада 6 бірдей еркін күрес шебері өңіріміздің намысын қорғаған. Әр салмақ бойынша белдескен спортшыларымыз 3 алтын, 1 күміс, 1 қола медаль еншілеген.

Александр Ляшенко – СҚО спортқа дарынды балаларға мамандандырылған мектеп-интернатының еркін күрестен аға жаттықтырушысы:

-Ел чемпионатына 1999-2000 жылғы балалардың арасынан мықтыларын іріктеп 12 палуанды апардық. Олардың барлығы жақсы өнер көрсетіп алқаларға ие болды. Шәкіртеріміздің осындай додаларда жеңіске жеткендігі бізді қуантады. Келесі жарыстарда да олар сенімді ақтайды деген үміттемін.

Айтулы додада грек-рим күресінің палуандары да алқасыз қалмады. 3 алтын, 2 күміс, 1 қоланы қанағат тұтқан солтүстікқазақстандықтар ел чемпионатында жемісті өнер көрсетті. Әсіресе 46 келі салмақта күш сынасқан Асылан Ерденов қарсыластарының барлығын оңай ұтып жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді. Ол күреске үлкен ағаларының айтуымен келіпті.

Асылан Ерденов – СҚО спортқа дарынды балаларға мамандандырылған мектеп-интернатының 8-сынып оқушысы:

-Менің ағаларымда палуандар. Олар мені грек-рим күресіне үйретті. Өзіме күресу ұнайды.

Алдағы уақытта жерлестеріміз жаттығуларын күшейтіп, келесі сайыстарға аттанбақ.

 

 

Култанов Байболат