Спорт

Петропавлда әуесқой футболшылар марапатталды

Марат Тасмағанбетов – қала әкімі:

-Ел Президенті 2020-шы жылға дейін Қазақстан халқының 30%-ы дене шынықтырумен айналысуы керек деп тапсырды. Осыған орай қаламызда спорттық инфрақұрылым дамып келеді. Облыс әкімінің бастамасымен өткен жылы 15 шағын футбол алаңы, ал биыл жыл басынан алаңның 18-і қолданысқа берілді. 3 тренажер жинағы орнатылды. Бұйыртса, қазан айында мұз айдыны мен жеңіл атлетика манежы бар Спорт сарайы тапсырылмақ.

Руслан Көпеев 19 жыл бойы футболмен шұғылданады. 8 жасынан спортқа бейім жас сүйікті ісімен айналысуды бірде-бір тоқтатпаған. Тіпті, өзі сияқты жігіттерді жинап, «Динамо» командасын құрыпты. Бүгінде бұл құрама қала чемпионы атанып, түрлі марапатқа ие болуда. Бірақ, ол үшін динамолықтар біраз тер төгіп, еңбектенген. Аптасына 4 рет жиналып, үздіксіз жаттығулар жүргізеді екен.

Руслан Көпеев – «Динамо» командасының капитаны:

-Біздің команда 3 жыл қатарынан футболдан жеңімпаз атанып келеді. ҚР-ның бұл спорт түрінен әуесқойлар арасындағы чемпионатқа да қатысамыз. Бірақ, дәл бүгінгідей марапаттауға алғаш рет қатысудамыз. Бүгінде футболдан командалар саны да артты. Бұл бәсекелестіктің күшейгенін көрсетеді. Барлығы да жеңгісі келеді. Жеңімпаз болған тамаша. Бірақ, ол үшін көп тер төгіп, еңбектену керек.

Сондай-ақ, үздіктер қатарына енген «Әділет» пен «Қарасай» командаларына диплом және кубоктар табыс етілді. Жалпы жыл басынан облыс орталығында 128 спорттық іс-шара ұйымдастырылып, оған 25 мыңнан астам адам қатысқан екен.

 

 

Айгерим Ержанова