Аптадағы маңызды жаңалықтар

Облыс әкімі Ерік Сұлтанов жұмыс сапарымен Ақжар ауданына барды

Иван Гоцак – «Гоцак» ШҚ басшысы, Ақжар ауданы:

-Гектарынан 16-17 центнер өнім алудамыз. Ауа райы қолайлы болса, соңғы 2 күннің ішінде орақ науқанын аяқтаймыз. Танап басында 3 комбайн жұмыс істеуде. Биыл лизинг арқылы бір бірлік техника сатып алдық. Ол айтарлықтай көмегін тигізуде. Біздің аудан облыстың оңтүстік нүктесі болғандықтан, гектар берекелілігі біздің жеріміз үшін жақсы болып отыр.

«Гоцак» шаруа қожалығының қарамағында 11 бірлік техника, 8 адам жұмыс істеуде. Орташа жалақы көлемі – 95 мың теңге. Биыл шаруа қожалығы мемлекеттен 1 млн теңге астам мөлшерінде демеуқаржы алған. Бұдан соң облыс әкімі Ерік Сұлтанов «Лұқбанов» серіктестігінің алқабында аялдап, аудан диқандарымен тілдесті. «Лұқбанов» серіктестігінің қарамағында 7 мың астам гектар жер бар. Биыл оның 4 мыңнан астамына бидай, ал 0,6 гектар жерге жем-азық дақылдары егіліпті.

Ерік Сұлтанов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

-Биыл ауа райы былтырғы жылмен салыстарғанда оң қабақ танытуда. Ақжар ауданында екі күннің ішінде орақ науқаны аяқталады. Былтыр қазанның алғашқы күндерінде қамбаға бидайдың тек 35 пайызы ғана құйылған болатын. Биыл қарқын жақсы.

Ал «Бекет» фермерлік қожалығы биылғы жылдың тамыз айынан бастап, сүт-тауар фермасының құрылысын бастады. Дәуіт ауылының жанында орналасқан зауыттың бастапқы қуаттылығы жылына 640 тонна болса, кейін ол 1920 тоннаға дейін артпақ.

Марат Шәпенов – «Бекет» ФҚ басшысы, Ақжар ауданы:

-600 басқа арналған 1 ферманы салып, аяқтауға жақындап қалдық. Бұйыртса, бір айдың ішінде қолданысқа енгуді көздеп отырмыз.

Бүгінде шаруашылықта 800 бас ірі қара бар. Жоспар бойынша кәсіпкер келер жылдан бастап, жем-азық қорын арттыру мақсатында қосымша жер алмақ.

Кейін өңір басшысы «Талшық Астық Агро» серіктестігінің элеваторында болды. Бүгінде мұнда жаңғырту жұмыстары жүргізілуде.

Жұмәлі Нұрманов – «Талшық Астық-агро» ЖШС директоры, Ақжар ауданы:

-4 кептіргіш қондырғылары жұмыс істеп жатыр. Жаңа астықты тәулік бойына қабылдап жатырмыз. Қазір элеватор алаңын асфальттаудамыз.

«Талшық-Астық-агро» элеваторының 209 мың тонна бидай қабылдауға қауқары бар. Бүгінде 30 мың тоннадан астам өнім қамбаға құйылып, кептірілу үстінде.

 

 

Бакыт Садуакасов