МТРА жаңалықтары

Облыс әкімі Ерік Сұлтанов Уәлиханов ауданының күзгі жиын-терім жұмыстарымен танысты

Кейін өңір жетекшісі «Агрофирма «Қызылту-нан» шаруашылығының танаптарындағы орақ науқанының барысымен танысты. Аудандағы ірі шаруашылықтың иелігінде 281 мың гектар жер бар. Биыл агроқұрылым оның 107 мыңнан астамына рапс, зығыр, бидай, күнбағыс және жасымықты еккен болатын.

Ал «Жолдасбай Агро» серіктестігінің қарамағында 15 мың гектар жер бар. Шаруашылықта жанар-жағармай қоры жеткілікті. Биылғы орақ науқанына 53 жұмысшы тартылыпты. Орташа жалақы – 89 мың теңге. Облыс әкімі кәсіпорын басшысымен тілдесіп, астықтың шығымы жайын да сұрастырды.
«Жолдасбай-Агро» шаруашылығы да мемлекеттік қолдаудан кенде емес. Биыл оларға 55 млн теңге көлемінде субсидия бөлінді. Сондай-ақ, шаруашылық Петропавлдық «Қазтехмаш» зауытынан 1 «Сампо Азия» комбайнын сатып алды. Уәлиханов ауданына жұмыс сапары барысында аймақ басшысы Қайрат елдімекенінің тұрғындарымен кездесті. Ауылдықтар көкейлерінде жүрген сауалдарын жолдап, шешімін таппай жүрген мәселелерді көтерді.

Сансызбай Шәріпов – Қайрат ауылының тұрғыны:

-Мына жолдар мүлдем жөнделмеген. Асфальт үгітіліп жатыр. Осы мәселені қарастырып көріп, шешімін тапсаңыз игі еді.

Қайрат ауылдық округінде жол, жарық мәселелерінен бөлек, ұялы байланыстың болмауы да қиындық туғызуда.

Бұл мәселелерді назарға алған облыс әкімі олардың алдағы уақытта шешімін табатынын жеткізді.

Ерік Сұлтанов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

-Бүгін сіздермен әңгіме болған мәселелерді міндетті түрде қарастырамыз. Қандай шешім болатынын сіздерге қаңтар айында хабарлайтын боламыз.

Аймақ басшысы Қулыкөлдіктермен де жүздесті. Бұл округте көкейкесті мәселелердің бірі ұялы байланыстың жоқтығы болып отыр. Өңір жетекшісі алдағы уақытта проблеманы шешуге септесетінін айтты.

Мәулет Атмағамбетов – Уәлиханов ауданының тұрғыны:

-Облыс орталығынан 600 шақырым жерде орналасқандықтан бізге әкімдер тіпті келмейтін. Ал Ерік Сұлтанов біздің ауылға келіп, тұрғындармен кездесіп, хал-жағдайымызды сұрап жатыр. Бұл біз үшін қуанышты жағдай. Ауданымыздағы көкейкесті мәселелерді әкім біледі. Бүгін өз көзімен көріп, танысты.

Аудандық маңыздағы Қулыкөл-Қаратал жолының құрылысы да облыс әкімінің назарынан тыс қалмады. Бұл жұмыстармен «Көкше Енисей» серіктестігі айналысуда. Жоспар бойынша мұндағы құрылыс жұмыстары қараша айында аяқталмақ. 1 шақырым 200 метрді қамтитын жолға жергілікті бюджеттен 43 млн теңгеден астам қаражат бөлінген. Кейін өңір басшысы «Жақсытұз Петропавл» серіктестігінде болды. Уәлиханов ауданында ас тұзын шығару ісін қолға алған серіктестік 676, 1 гектар жерде жұмыс жүргізуде. Қазіргі уақытта серіктестік тұзды Ресей Федерациясының Омбы, Ақмола облысының Степногорск қалаларына жіберуде. Бүгінде бұл жерден алынған тұз ауыл шаруашылығы саласында кеңінен қолданыс тауып жатыр.

 

 

Айгерим Ержанова