Спорт

«Қызыл-Жар СК» ФК теміртаулық «Булат» АМТ командасын 1-0 есебімен ұтты

Қонақ ойыншыларға дем алуға мұрша бермеген қызылжарлықтар шабуылдарына қарқын қосуда. Қос қапталдан пастар беріліп, Александр Рушинас қорғаған қақпаға қарай соққылар бағытталуда. Алайда, теміртаулықтар сауатты ойын өрнегін көрсетуде. Осы қарқында бірінші тайм да аяғына жетіп, қос команда үзіліске есеп ашпастан тарасты.

Келесі 45 минуттықта жерлестеріміз қорғанысқа көп көңіл бөлуді жөн санады. Енді керісінше теміртаулық команда гол соқпақ болып алаң иелерінің қақпасын торуылдады. Дегенмен де жерлестеріміз кездесудің 55-ші минутында қарымта шабуылға аттанған кезде «Булат» АМТ-ның қорғаушысы айып алаңның ішінде ойын тәртібін бұзады – пенальти.

Осылайша, ардагер ойыншы Али Алиев қақпашыдан өз айласын асырып, қызылжарлықтарды алға шығарды. Гол жіберіп алған қонақтар еселерін қайтарғылары келгенімен қызылжарлық қорғаушыларға тиісті қарсылық көрсете алмады. Теміртаулықтардың бас бапкері Александр Москаленко есепті теңестіру үшін тактикалық өзгерістер енгізуде. Алайда, діттегеніне жету үшін уақыт аз болды. Қорытынды есеп 1-0, “Қызыл-Жар СК”-ның пайдасына шешілді.

Роман Нестеренко – “Қызыл-Жар СҚ” ФК капитаны:

-Біз ойынның оңай болмайтынын басынан-ақ білдік. Қарсылас команда өте мықты. Олардың турнирлік кестеде көш бастауы бекерден-бекер емес. Сол себепті де кездесуге мықтап дайындалдық. Ойын барысында бапкердің берген кеңестерін толығымен орындадық. Екінші таймда шабуылдың қарқынын сәл бәсеңдеттік. Өйткені қателікке бой алдырамыз деп ойладық. Егерде жеңіске жетпегенде біздің премьер-лигаға шығатын үмітіміз қалмаушы еді. Бірақ ойын нәтижесі біздің пайдамызға шешілді.

Қарасай стадионындағы келесі ойын 17-ші қазан күні өтеді. Онда “Қызыл-Жар СК” оңтүстікқазақтандық «Мақтаарал» командасын қабылдайды.

 

 

Риат Шони