МТРА жаңалықтары

Қарттар мерекесіне орай қайырымдылық концерті өтті

Елена Балло – Петропавл қаласы әкімінің орынбасары:

– Аға буын өкілдері қай уақытта да құрмет пен зор беделге ие. Оларға қарап,кейінгі толқын бой түзейді. Осы залда отырған әрқайсысыларыңыз кезінде еліміздің әр саласын дамытып, еңсесін тіктеуге септестіңіздер. Сіздерді -қала әкімінің атынан Халықаралық қарттар күнімен құттықтаймын.

Бүгінде өңірімзде 40 мыңнан астам зейнеткер тұрады. Оның 5 мың 674-і тыл еңбеккері болса, 134-і – ҰОС ардагерлері. Олардың барлығына мемлекет тарапынан түрлі әлеуметтік көмектер көрсетіледі.

Сара Тасеменова – Петропавл қалалық ардагерлер кеңесінің төрайымы:

– Бүгін қарттардың барлық бағытта қатынайтын автобустарда төлемсіз жүрулеріне мүмкіншілігі бар. Осы күні мүгедектер өздерінің құжаттарын көрсетіп, қоғамдық көлікте тегін жүру құқығына ие. Оған қоса концерттер де болады. Қазанның 3-і күні Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрында қарттарға арналған қойылым көрсетіледі. Соған ардагерлерді қатысуға, көруге шақырамыз.

Бүгінгі мерекелік кешті тамашалауға тыл еңбеккері Ескендір Нұғымов та келіп отыр. 83-тегі қария жұмысқа 9 жасынан араласқан. Атамыз қазіргі тыныш та бейбіт заманға шүкіршілік етуде.

Ескендір Нұғымов – тыл еңбеккері:

– 9 жасымда еңбекке араластым. Соғыс басталғанда 9 жаста едім. Содан бері осы күнге дейін еңбекке араласып келе жатырмын. Қартайсақ та шақырған жерге барамыз. Балалық шақтың рақатын қазір көріп жатырмыз. Егемендік алғалы қарияларға көрсетілетін көмек мол.

Бұл күні аға буын өкілдерінің құрметіне тамылжыған ән де, күмбірлеген күй де орындалды. Өз заманының талай қиыншылығын бастан өткеріп, болашақ ұрпағының жарқын болашағы үшін тер төккен аға ұрпаққа қандай сый-құрмет көрсетсек те олар осыған әбден лайық.

 

Бакыт Садуакасов