Аптадағы маңызды жаңалықтар

Облыс әкімі Ерік Сұлтанов петропавлдық қарияларды Халықаралық қарттар күнімен құттықтады

Валентина Устименко – Ұлы Отан соғысының ардагері:

– Ол госпитальде біз бір ай да болған жоқпыз. Армия штабынан полковник келіп, мекеме бастығына құрбым екеуімізді нұсқап: “мына екі қызды 597-ші атқыштар полкінің 207-ші дивизиясына жіберіңдер. Санитарлық қызметкерден басқа ешкім қалған жоқ”- деді. Содан бізді сол жерге жіберді. Талай жаралы жауынгерлерді көрдік. Кейбірі, тіпті, жарасына қарамай, тағы атыс-шабыстың ортасына кететін. Әрине, өте қиын кезеңдерді бастан өткердік.

Халықаралық қарттар күнімен ардагерді құттықтауға бүгін өңір жетекшісі Ерік Сұлтанов келді. Облыс әкімі көнекөз қарияға гүл шоғын табыстап, хал-жағдайын сұрастырды.

Ерік Сұлтанов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Бүгін, міне Халықаралық қарттар күні. Осы керемет мерекемен сізді шын жүректен құттықтаймын. Ауырмаңыз, сырқамаңыз. Ұзағынан жасаңыз. Сіздің ерлігіңіз үшін біз алғыс айтып, сізге бас иеміз.

Мереке күні осындай қошеметке бөленгендердің қатарында тыл еңбеккері Евдокия Кузнецова да бар. Бүгінде қария жалғыз қызынан 2 жиен мен 1 шөбере сүйіп отыр. Ардагерді мейраммен құттықтай келген Ерік Сұлтанов қарияға сыйлыққа теледидар табыстады.
Аймақ жетекшісі тыл еңбеккері Бәкен Байгужиновтың шаңырағына да бас сұқты. Оқты да отты жылдары қария тылда еңбек етіп, Жеңіске деген өзінің өлшеусіз үлесін қосқан. 8 жасынан ауыр жұмысқа араласқан ақсақал осындай құрмет көрсеткен өңір жетекшісіне алғысын білдірді.

Бәкен Байгужинов – тыл еңбеккері:

– Сіздерге көптен-көп рахмет. Қазақстанымызға ризамыз. Азық-түлікті қымбаттатпай бір қалыпта ұстап тұрсыз. Ол үшін алғысымды айтамын.

Қария бүгінде екі баласынан қос немере сүйіп отыр.

 

 

Риат Шони