Қоғам

Петропавлда Ұлы Отан соғысының батырларына арнап “Біздің есімізде” акциясы ұйымдастырылды

Гүлнәр Искакова – “Сбербанк” АҚ ЕБ Петропавл қалалық филиалы бөлшек сауда бизнесі бойынша директордың орынбасары:

– Сұрапыл соғыс жылдары майдан даласына миллиондаған жерлестеріміз аттанды. Олардың жартысы елге қайта оралған жоқ. Зұлмат заманның ауылы алыстағанымен жарасы жазылған жоқ. Сол себепті де “Сбербанк” АҚ ЕБ Петропавл қалалық филиалының қызметкерлері батырларды еске алуды ұрпақ парызы деп санайды. Осыған орай “Біздің есімізде” деген игі шараны қолға алып отырмыз.

“Сбербанк” АҚ Еншілес Банкі Петропавл қалалық филиалының қызметкерлері бұл күнді таңдауы бекерден-бекер емес. Себебі 1941 жылдың 30-шы қыркүйегінде фашистік Германия Мәскеу бағытын қорғап тұрған кеңестіктерге шабуыл жасайды. Кескілескен ұрыста қызыл әскерліктер қасық қаны қалғанша шайқасып, немістерге тойтарыс береді. Сол жандардың ерлігі бүгінде ел есімінде мәңгі сақталуда. Осыған орай “Сбербанк” АҚ Еншілес Банкі Петропавл қалалық филиалының қызметкерлері қала тұрғындарына Кеңес Одағының батырлары бейнеленген парақшалар мен “Ұлы Жеңіс” мерекесімен деген жазуы бар магниттерді таратуда.

Игорь Зябликов:

– Шынымды айтсам қаламызда осындай шараның ұйымдастырылғанына таң қалдым. Ардагерлерді әрдайым ұмытпай, еске алып тұру қажет. Олардың ерлігіне мен бас иемін.

Алтынай Башимова Кеңес Одағының батыры Ә. Досмұхамбетовтың немере қарындасы. Мақтан тұтар туысқанының есімін ол бүгінде үлкен абыроймен айта алады. Жерлесіміз Днепр өзенінің жағасындағы қиян-кескі ұрыста ауыр жарақат алса да, қолына бірнеше граната алып жау танкісінің астына түскен. Осындай өшпес ерлігі үшін 23 жасар Әбу Досмұхамбетовке Кеңес Одағының батыры атағы берілді.

Алтынай Башимова – Кеңес Одағының батыры Ә. Досмұхамбетовтың немере қарындасы:

 

– Осындай кереметтей шараны ұйымдастырған “Сбербанк” АҚ Еншілес Банкі Петропавл қалалық филиалының қызметкерлеріне шексіз алығысымды айтамын. Расында да өскелең ұрпақ өз батырларын ұмытпауы қажет. Себебі солардың арқасында бүгінде ашық аспан астында тату-тәтті ғұмыр кешіп жатырмыз.

Шара барысында тек қана парақшалар мен магниттер таратылып қойған жоқ. Кез-келген адам ардагерлермен естелікке суретке түсіп, оны 10 минуттың ішінде тегін алу мүмкіндігіне ие болды.

Риат Шони