Білім

Д.Карбышев атындағы №40 орта мектепке 50 жыл толды

Марина Гучок – Д.Карбышев атындағы №40 орта мектеп директоры:

–  Біздің мектеп 1965 жылдың 1-ші қыркүйегінде ашылған болатын. Содан бері міне жарты ғасыр өтті. Осы аралықта білім ошағы 2000-ға жуық түлекті қанат қақтырды. Олардың барлығы бүгінде бизнесмен, прокурор, заң қызметкері сынды беделді қызмет атқарады. Біздің мақтанышымызға айналған тұлғалар көп.

Білім ошағын айтулы мерекемен құттықтауға мектептің алғашқы, 1966 жылғы түлегі Анатолий Стагнеев та келіпті. Ер азамат оқуды аяқтағаннан кейін осы ыстық ұясында жұмыс істеуді жөн санапты. Анатолий Стагнеев мектепте бірнеше жыл бойы шәкірттерге физика пәнінен сабақ берген. Уақыт ағымы мектепті танымастай етіп өзгертті дейді ол.

Анатолий Стагнеев – Д.Карбышев атындағы №40 орта мектептің 1966 жылғы түлегі:

– Мектепке бірқатар өзгерістер орын алыпты. Біз оқыған кезде материалдық-техникалық база ескілеу болатын. Қазір барлығы жаңғыртылып, жаңартылыпты. Ол әрине қуантады. Өз алтын ұям – мектебіме ат ізін салмағаныма көп болды. Қазір жүрегім дүрсілдеп, толқып тұрмын. Осындай білім ордасында оқып, бітіргеніме мен өте қуаныштымын.

Мектептің 50 жылдық мерейтойына орай еңбегі еленген бірқатар педагогтар марапатқа ие болды. Сонымен қатар, білім ошағының директоры Марина Гучокқа облыс әкімі Ерік Сұлтановтың атынан алғыс хат табысталды. Бүгін айтылған ізгі тілектердің барлығы мектеп ұжымына арналды. Оқушылар өз мектептерінің ары қарай гүлдене беруін тіледі.

Мария Салькова – оқушы:

– Мен өз мектебімді сүйемін. Өйткені, мұндағы педагогтардың барлығы жақсы. Түсінбегенің болса бірге отырып қайталайды. Білім ордасының 50 жылдық тарихы бар екені қуантады.

Әдеттегі туған күндегідей білім ошағының ұжымы мерекеге арнап торт әзірлепті.

Риат Шони