Білім

Қазанның алғашқы жексенбісі – Ұстаздар күні

Бүгінде біздің өңірімізде 16 мыңға жуық педагог еңбек етуде. Жыл санап қиын да қызықты мамандықты таңдағандардың қатары артып келеді. Осы жылы жүректің батылдығымен 430 жас азамат ұстаз атанып, шәкірт оқытуға бел буыпты. Оның 320-сы селолық мектептерге жұмысқа орналасқан. Бұл жайында салтанатты жиын барысында аяулы ұстаздарды құттықтаған аймақ жетекшісі Ерік Сұлтанов құлағдар етті.

Ерік Сұлтанов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Құрметті ұстаздар және салтанатты жиынға қатысушылар! Сіздерді кәсіби мереке – ұстаздар күнімен шын жүректен құттықтаймын! Елбасы Н.Назарбаев: “Білім жүйесінің жаны да, жүрегі де, тірегі де – ұстаз. Сондықтан еліміздің ертеңгі келешегі сіздердің қолдарыңызда”, – деген болатын. Құрметті ұстаздар қауымы! Мемлекет басшысының білім саласына қойған талаптарын тиімді жүзеге асыруда өңіріміздің ұстаздарының рөлі ерекше. Болашақ ұрпаққа білім беріп, оны тәрбиелеуге қосқан еңбектеріңіз әрқашан да халық алдында елеулі. Сіздерге зор денсаулық, қажырлы қайрат, отбасыларыңызға амандық, бақ-береке тілеймін!

Өңір жетекшісі біратар мұғалімдерді Құрмет грамотасымен марапаттады. Еңбегі еленгендердің қатарында Тимирязев ауданы Дмитриев орта мектебінің мұғалімі Әлия Оспанова да бар. Ұлағатты ұстаз аталмыш білім ордасында балаларға 23 жыл бойы қазақ тілі және әдебиеті пәнінен сабақ беріп келеді екен.

Әлия Оспанова – Дмитриев орта мектебінің мұғалімі, Тимирязев ауданы:

– Бүгін менің еңбегім бағаланып жатыр. Оған мен өте қуаныштымын. Педагог болып жүргеніме 23 жыл болды. Барлық әріптестерімді бүгін кәсіби мейрамдарымен құттықтаймын.

Тайынша ауданы Алабота орта мектебінің директоры Мархаба Ақтаева облыс әкімінің құрмет грамотасына ие болды. 28 жыл бойы білім ұясын басқарып жүрген ұстаз қиында қызықты жолды 14 жасында таңдапты. 1978 жылы Щучьедегі педагогикалық училищесіне бастауыш сынып мұғалімі мамандығына түсіпті. Нәзік жанды өзінің балаларға берген алғашқы сабағын әлі күнге дейін әзілмен еске алады.

Мархаба Ақтаева – Алабота орта мектебінің директоры, Тайынша ауданы:

– Өзімнің алғашқы сабағымды әлі күнге дейін еске аламын. Бойымда қобалжу болды. Сыныпта сен жалғызсың, ал оқушылар көп әрине қорқынышты. Барлығының көзі саған қарайды. Ыңғайсыз сезімде боласың. Сонымен қатар олардың ата-аналары да саған зор сенім артқан. Сол себепті де қобалжу көп болды.

Жиында сондай-ақ бірнеше алғыс хат пен шипажайға берілетін сертификаттар да өз иелерін тапты.
“Ұстаз көрген хат таныр” дегендей бүгінде осы залда отырған ардақты мұғалімдерден білім алып, еліміздің еңсесін көтеріп жүрген азаматтар жетерлік. Сол себепті де барлық ықылас пен қошемет, құттықтаулар тек осы жандар үшін.

Бекет Мұстафин – Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернатының мұғалімі:

– Мен өз ұжымымды осындай тамаша мерекемен құттықтаймын. Оларға творчестволық табыс тілеймін.

Айнаш Жамалиева – Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернатының мұғалімі:

– Бүгінгі мейраммен барша әріптестерімді құттықтаймын. Шәкірттеріміз бізді қуанта берсін.

Мерекелік шара концерттік бағдарламаға ұласты.

Риат Шони