Ауыл шаруашылығы

Облыста астық қабылдау науқаны қызу жүруде

Татьяна Погрибняк – «ХПК Петропавл-Астық» ЖШС технологы:

– Біз астықтың сапасын анықтап, толық талдау жұмыстарын жүргіземіз. Бүгінде элеваторға түсіп жатқан өнімнің ылғалдылығы 25%-дан асады. Ол сәйкесінше екі реттік кептіруден өтеді. Жалпы күніне зертханада шамамен 13 серіктестіктен әкелінген бидайды зерттеп, саралаймыз.

Алтын дәннің сапасы мен сұрпы белгіленіп, ылғалдылық мөлшері анықталғаннан кейін өнім таразыға салынады. Кейін кептіру процесінен өтіп, элеваторға сақтауға жіберіледі.
Күн сайын мұнда бірнеше Камаз көлігі арпа мен бидайдың түрлі сұрпын жеткізеді. Мәселен, «Базис-Қызылжар» серіктестігінің шаруалары «Петропавл-Астық» элеваторына әзірге 100 тонна өнім әкелген.

Олег Кременской – «Базис-Қызылжар» ЖШС жүргізушісі:

– Элеваторға астық тасуды бір апта бұрын бастадық. Әзірге, ұзын-сонар кезек жоқ. «ХПК Петропавл-Астық» серіктестігіне 100 тоннаға жуық астық түсірдік. Бүгін тағы 1 камаз әкелдік. Ол – шамамен 20 тонна бидай.

«ХПК Петропавл-Астық» кәсіпорнының қызметкерлері бұл жердегі жұмыс қазан айында қыза түспек дейді. Элеватор шаруалармен 110 мың тонна бида мен 26 мың тонна арпа қабылдауға келісімге отырған.

Серік Қашағанов – «ХПК Петропавл-Астык» ЖШС директоры:

– Біз Есіл, Қызылжар, Мамлют аудандарының шаруаларымен жұмыс жасаудамыз. Және келісім жасасқан агроқұрылымдардың алаңдауына еш себеп жоқ. Зертханалық жабдықтар астық қабылдауға әзір. Дымқыл бидайды кептіретін үш агрегат үздіксіз жұмыс істеп тұр. Қажетті мөлшерде жанар-жағармай да алынды.

Жалпы бұл серіктестік күнделікті 1 мың 500 тонна өнім қабылдауға қауқарлы.

 

Айгерим Ержанова