Балалар

Петропавлдық 2 оқушы халықаралық суреттер сайысының жеңімпазы атанды

Дарья Петрова – оқушы:

– Халықаралық байқаудың жеңімпазы боламын деп тіпті ойламадым. Жалпы сурет салумен мен 7 жасымнан айналысамын. Байқауға «Менің қалам» атты жұмысымды жібердім. Түнде түрлі түске боялған қаламыздың әсемдігін жеткізуге тырыстым. Еңбегім бағаланғанына қуаныштымын. Бұл – менің Жапонияда ұйымдастырылған суреттер сайысындағы екінші жеңісім. Болашақта дизайнер болғым келеді.

Сондай-ақ, аталмыш байқауда 8 жасар Даниил да бағын сынап көріпті. 3-ші сынып оқушысы еліміздің сұлу табиғатын суреттеген.

Даниил Кузнецов – оқушы:

– Маған сурет салған ұнайды. Мен Есіл өзенін, қайыңға толы орманды салдым. Шығармамда Қазақстанның әсем табиғатын шетелдіктерге көрсеткім келді.

Даниилдың бойындағы бұл талант атасынан дарыған. Және туған ағасының ықпалы шығар дейді анасы. Людмила Кузнецованың айтуынша өнерлі балғын қолына қылқаламды небәрі 3 жасында алыпты.

Людмила Кузнецова – Даниил Кузнецовтың анасы:


–  Баламның үлкен жетістігіне қуаныштымын. Сурет салу Даниилға атасы мен ағасынан сіңген қасиет шығар. Әкеміз көркемөнерден сабақ береді, үлкен ағасы Роман да шығармашыл тұлға. Тіпті, Алматыда өзінің сурет көрмесін өткізген. Даниил бізде көбіне табиғатты суреттегенді ұнатады. Нәтижесін көріп отырмыз. Жапон елінде қола медальді иеленді.

Айту керек, аталмыш халықаралық байқауға Петропавл қаласының көркемөнер лицейінен барлығы 21 жұмыс жолданған. Соның ішінде қос еңбек 2-ші және 3-ші орындарды иеленді.

Елена Царева – қалалық көркемөнер лицейі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары:

 


Ауд. Бұл конкурс туралы біз бір журналдан білдік. Көп кешікпей мектеп оқушыларының жұмыстарын жинап, өткен жылдың соңында Мәскеуге жібердік. Ол жерден суреттер Жапон еліне аттанды. Нәтижесі жуырда ғана шықты. Қазақстан бойынша тек петропавлдық жас суретшілер қатысты. Балалардың еңбектері бағаланып, халықаралық дәрежеде марапатталып жатқандарына өте қуаныштымын.

Халықаралық суреттер байқауына 38 елден 15 жасқа дейінгі балалардың 40 мыңнан астам жұмысы қабылданған болатын.

Айгерим Ержанова