МТРА жаңалықтары

Петропавлда СҚО атқару комитетінің ІІБ бұрынғы бастығы Михаил Барановқа арналып мемориалдық тақта ашылды

Ерік Сұлтанов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі

– Михаил Баранов Ішкі істер министрлігінің орталығында жауапты қызметтерде еңбек етті. Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен Парламент қорғанысы төрағасының орынбасары болды. Қазақстан Республикасы Президенті әкімшілігінің бөлім меңгерушісі қызметін де атқарды. Михаил Баранов өзінің адал еңбегі үшін түрлі медаль және ордендермен марапатталған. Бұл кісі – өскелең ұрпаққа өнеге болатын тұлға. Кезінде Михаил Иванович көптеген офицерлерді тәрбиеледі. Бүгінде олар мықты ұстаздың арқасында елімізде қоғамдық тәртіпті күзетуде үлгілі еңбек етуде.

Бүгін ішкі істер органының ардагері Михаил Барановқа арналған мемориалдық тақтаның салтанатты ашылуына қарияның ұлы Александр Баранов та келіпті. Әке көрген оқ жонар демекші, генерал-майордың баласы да осы саланы таңдаған. Қазіргі таңда полиция полковнигі Ресей ІІМ Омбы академиясында криминалистика кафедрасын басқарады.

Александр Баранов – Михаил Барановтың ұлы:

– Мен өзімнің және де отбасымның атынан әкемді құрмет тұтып, осындай шара ұйымдастырып жатқандарыңызға барша солтүстікқазақстандықтарға алғыс айтамын. Біздің жанұяда үш ұрпақ ішкі істер органындағы қызметті таңдады. Қазіргі таңда ағам да, өзім де шен таққан тәртіп сақшысымыз. Әкеміз біздің барлығымызға үлгі-өнеге көрсете білді. Бүгінде оның немересі де лейтенант болып қызмет етуде.

Бұдан соң облыс әкімі Ерік Сұлтанов пен Александр Баранов ішкі істер органының ардагері, милиция генерал-майоры Михаил Барановқа арналған мемориалдық тақтаны ашты.

Айта кету қажет, Михаил Баранов облыстық атқару комитетінің ішкі істер басқармасында басшы болған кезде өңірімізде алғашқы атты полиция взводы құрылады. Сонымен қатар, иттерді ұстайтын питомниктің негізі қаланып, кейін ол кинологиялық орталыққа айналған.

Өмірзақ Болсамбеков – ҚР ІІМ ІІО және ҰҰ Республикалық ардагерлер кеңесінің төрағасы, милиция генерал-майоры:

– Біз Михаил Барановпен замандаспыз. Екеуімізде еңбек жолымызды бірдей бастадық. Мен ол кісімен 1960 жылы жолықтым. Онда Михаил Баранов әскерден кейін Алматының арнайы орта мектебін бітіріп, лейтенант шенімен Қостанай облысына тергеуші болып қызмет етуге кеткен.

Жиын соңында шараға қатысушылар департамент ғимаратының ауласында шырша ағашын отырғызды.
Айта кету қажет, Михаил Барановтың есімі өңірімізде көпке таныс. Қайсар азамат милиция мектебінде курсанттан бастап ішкі істер басқармасының басшысына дейін көтерілген. Милиция генерал-майоры Михаил Баранов үстіміздегі жылы 9-шы мамырда өмірден озды. Бүгінде қария көзі тірі болса 78 жасқа келер еді.

 

Риат Шони