“Жасыл ел” жастар еңбек жасақтары мен студенттік құрылыс отрядтарының ХІ-ші еңбек маусымы салтанатты түрде жабылды

Қоғам

13:11 25 Қыркүйек 2015

Асқар Баймұқанов – “Жасыл ел” облыстық штабының жетекшісі:

– Биыл “Жасыл ел” жастар еңбек жасағының сарбаздары 12 орман шаруашылығы мен облыс орталығындағы 2 учаскеде абаттандыру жұмыстарын жүргізді. Қуантарлығы, табиғатты көгалдандыруға ат салысатындардың қатары былтырғымен салыстырғанда 120 адамға артты. Оларға жалақы төлеу үшін облыстық бюджеттен 9,5 млн, ал республикалық қазынадан 6 млн теңгеге жуық қаржы бөлінді. Қазіргі уақытта барлық ақша толығымен игерілді.

Облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Жанат Сәдуақасов елімізде екі қолға бір күрек іздеген жастарды еңбекпен қамту мәселесіне көп көңіл бөлінетіндігіне тоқталып өтті. Жыл басынан “Жұмыспен қамтудың жол картасы 2020” бағдарламасы бойынша өңірде 1019 жас азамат тұрақты табыс көзіне ие болыпты.

Жанат Сәдуақасов – СҚО ішкі саясат басқармасының басшысы:

– Жұмыспен қамтудың жол картасы 2020″ бағдарламасының екінші бағыты аясында кәсіпкерлік негізі бойынша 40 адам оқыса, соның 38-і өз ісін өрбітуге шағын несие алды. Ал үшінші бағыт бойынша “Жұмыс берушінің қажеттілігі шеңберінде оқыту және қоныс аудару” арқылы жұмысқа 533 жас маман алынды.

Бұдан соң Жанат Сәдуақасов жаз айларында “Жасыл ел” жастар еңбек жасағында жүріп, айналаны абаттандыруға сүбелі үлес қосқан жандарды марапаттады. Қошеметке бөленгендердің қатарында М.Қозыбаев атындағы СҚМУ студенті Нағым Рахимжанов та бар. Жас жеткіншек демалыс уақытында Мамлют қаласындағы мектепті салуда еңбек етіпті.

Нағым Рахимжанов – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ студенті:

– Жазда уақытымды босқа өткізмей жұмыс істеуді жөн санадым. Маған “Жасыл ел” жастар еңбек жасағының қатарында болған ұнады.

Сондай-ақ, жиын барысында “Жасыл ел” жастар еңбек жасақтары жайлы бұқаралық ақпарат құралдарында үздік баяндағаны үшін Муниципалдық телеарна да марапатқа ие болды. Жалпы аталмыш арна жыл басынан “Жасыл ел” жасағы жайлы эфирге 9 рет материал шығарыпты.

Светлана Дроздецкая – МТРА редакторы:
–  Мінекей, біздің еңбегіміз де еленіп отыр. Ол үшін “Жасыл ел” жастар еңбек жасағына алғысымды айтамын.

Мерекелік шара соңы концертті бағдарламамен жалғасты.

Риат Шони