Өңір халқы қасиетті Құрбан айт мерекесін атап өтуде

Аптадағы маңызды жаңалықтар

13:46 25 Қыркүйек 2015

Ерік Сұлтанов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Қымбатты, мұсылман қауымы, баршаңызды Құрбан айт мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Бүгінгі күнді халық үлкен айт деп ерекше қасиет тұтытады.Соңғы жылдары айт діни мейрам ғана емес жалпыхалықтық мерекеге айналып отырғанын көріп отырсыздар. Қазақстан – барша жұрттың тілі мен дінін сыйлаған мемлекет, әлемге татулығымен танылған ел. Бұл мереке күні еліміздің абыройы арта берсін. Әр шаңырақтан қуаныш кетпесін. Айттан айтқа жете берейік.

Ағайын арасын жақындатып, аразды татуластырып, туысқандық байланысты күшейтуге итермелейтін осы мерекенің қоғамда алатын орны ерек. Осы орайда Қызылжар орталық мешітінің бас имамы жұртымыздың жетпіс пайызынан астамы ұстанатын ислам дінінің айтулы мерекесін атап өтудің мәні мен мағынасына тоқталып өтті.

Кенжетай қажы Дүйсенбай – “Қызылжар” облыстық орталық мешітінің бас имамы:

– Құрани Кәрімде Алла сүннет тағала Құрбан айт мерекесінде Раббыларың үшін намаздарыңызды оқып, шамасы жеткен мұсылман құрбандарыңызды шалыңыздар деді. Сондықтан да Құдай қаласа сіздер болып, біздер болып, айт намазынан кейін құрбандарыңызды шала беруге болады. Алла тағала бүгінгі оқыған айт намазымызды қабыл етсін.

Бұл күні орталық мешітке 1500-ге тарта халық жиналды. Жамиғат алладан дұға тілеп, айт намазына жығылды.

Айт намазынан соң дүйім жұрт құрбан шалып, көрші-қолаңдарын айт шайына шақыруға асықты. Қуантарлығы, бұл тәрбиелік мәні зор мерекені кейінгі ұрпақ ерекеше қастерлейді.

Наимджан Ходжаев – қала тұрғыны:

– Біздің отбасымызда бұл мереке шын көңілмен аталып өтіледі. Үлкен дастархан жайылып, көп қонақ шақырылады. Және балалар да көптеп жиналады. Ұлық мерекенің алғашқы күнінде таңертеңгі айт намазы оқылады. Бір-бірімізді қонаққа шықырып, күтеміз. Игі жақсы тілектер айтамыз. Құрбан айтты біз жыл сайын атап өтеміз. Яғни жыл сайын құрбан шалып, мұқтаж жандарға көмек қолын созамыз. Баршы қазақстандық мұсылманды қасиетті Құрбан айт мерекесімен құттықтаймын.

Сондай-ақ, осы күні солтүстікқазақстандықтар бір-біріне ізгі-ниеттер тілеп, отандастарын айтулы мерекемен құттықтады.

Шәйкен Ғабдулина:

– Айт құтты болсын! Тиыштық болсын. Бас амандығын берсін.

Камаль Тұрғынова:

– Жыл он екі ай тосқан бұл ұлы мерекені әр мұсылман жақсы көреді. Жылдан жылға тойлай берейік. Басыммыз аман, бауырымыз бүтін болсын. Тыныштық болсын Қазақстанымыз көркейе берсін.

Бұл күннің ерекшелігі шариғат бойынша барша мұсылмандарға ортақ ғибадат – құрбандық шалынады. Бастысы оны Аллаға арнап союы керек. Құрбандық ретінде шалынатын малдың бірқатар ерекшелігі болады. Біріншіден, құрбандыққа қой, ешкі, сиыр, түйе секілді малдар жарамды. Бастысы олардың дені сау, етті және дене мүшелері түгел болуы керек. Бұл шарапаты мол игі іс мейрамның бірінші күні айт намазынан кейін басталып, үшінші күні ақшамға аз уақыт қалғанға дейін жалғасады.

Айгерим Ержанова