МТРА жаңалықтары

Қылмыстардың алдын алу шараларына көп көңіл бөлу керек

Яғни, қарны тоқ, көйлегі көк азамат заңды белшесінен баспайды. Сондықтан, жұмыссыз азаматтарды еңбекпен қамту үшін “Өңірлерді дамыту” және “Жұмыспен қамтудың жол картасы 2020” мемлекеттік бағдарламалары жүзеге асырылуда. Алғашқы жоба бойынша ағымдағы жылы 20 мыңнан астам солтүстікқазақстандыққа көмек көрсетілген.

Асқар Сақыпкереев – СҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы:

-Солардың 7 мың 110-ы жұмыс берушілердің өтініштері бойынша екі қолға бір күрекпен қамтылса, 369-ы әлеуметтік жұмыс орындарына жөнелтілген. Тағы 9 мың 156 жаңа жұмыс орындары ашылды. Кәсіби даярлық және қайта даярлау курстарына 450-ге жуық адам жөнелтілді. 59 бос орындар жәрмеңкесі өткізіліп, 2 мыңнан астам азаматқа кеңестер берілді. 514 тұлға жұмыспен қамтылып, қоғамдық жұмыстарға 109 адам тартылды.

Ал “Жұмыспен қамтудың жол картасы 2020” бағдарламасы бойынша 2 мың 592 азамат еңбекпен қамтылған. Бүгіндері мемлекет қаржысы есебінен көптеген жұмыссыз жүрген жандар мамандық алып, қайта даярлық курстарынан өтуде. Алайда, кей кездері қолдау тапқан жандар аяғын шалыс басады. Айталық, кейбірі арнайы курстардан өтіп, кейін мекемелерге жалған түрде қызметке тұрады екен. Яғни, онда бармай-ақ жалақы алып келген. Мұндай фактілер Ғ.Мүсірепов, М.Жұмабаев және Айыртау аудандарында тіркеліпті. Бұл ретте өңір жетекшісі аудан басшыларына жағдайды реттеуді тапсырды.

Ерік Сұлтанов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

-Аудан әкімдері осы жайтқа ерекше назар аударыңыздар. Бұл -мемлекет қаржысы. Сондықтан, тек сөгіс жариялап қана қоймай, бюджетке қаржыны қайтару қажет. Жұмыспен қамту бөлімдері мен орталықтардың қызметін өз бақылауларыңызға алыңыздар. Қазынадан бөлінген әр тиын мақсатты түрде жұмсалуы шарт.

Кейін теріскейдегі заңбұзушылықтардың алдын алу шаралары жайлы сөз қозғалды. Айта кету керек, биыл өңірде жасалған қылмыстардың саны 20 пайызға артқан. Өткен жылы 6 мыңнан астам қылмыс жасалса, биыл бұл көрсеткіш 7,5 мыңға жуық. Бұл жөнінде жиналғандарды облыстық ІІД бастығының орынбасары Қайрат Оразалин құлағдар етті.

Қайрат Оразалин – СҚО ІІД бастығының орынбасары:

-Қылмыстарды ашу көрсеткіші өсті. Аса ауыр – 21,7, ауыр қылмыстар – 23, адам өлтіру – 17,6, біреудің өміріне қасақана залал тигізу – 20 және зорлау фактілерін ашу – 50 пайызға өсіп отыр.

Қылмыстар Қызылжар, Ақжар, Тайынша аудандарында өзгелерге қарағанда көбірек тіркеліпті. Бірақ, көш басында облыс орталығы тұр. Жыл басынан Петропавлда 56 қылмыс жасалған. Тағы отбасындағы зорлық-зомбылық саны да азаймай тұр. Бұған себеп, есірткі мен ішімдікке бой алдыру дейді тәртіп сақшылары. Сондықтан, ондай заңбұзушылықтардың алдын алу мақсатында ішкі істер органдары денсаулық сақтау саласымен тығыз әріптестік орнатқан. Емделуге барғысы келмеген науқастар мәжбүрлі түрде емдеу мекемелеріне тоғытылады. Бірақ, кей кездері ондай азаматтардың құжаттарын рәсімдеуде қиындықтар туындайтын көрінеді. Сондықтан, бұл жағдайды бақылауға алу қажет деді жиынды аяқтаған аймақ басшысы Ерік Сұлтанов.

 

 

Магжан Ахмадина