Өнеркәсіп

Өңір басшысы “Петропавл арақ зауыты БН” ЖШС жұмысымен танысты

Кәсіпорынның алдағы жоспары ауқымды. Өндіріс өркендей берсе өңір бюджетіне зауыттан түсетін кіріс те көбейе түспек. Осылайша, облыстың дамуына өз үлесімізді қосамыз дейді серіктестік басшылығы. «Петропавл арақ зауытының» жұмыс барысымен өңір жетекшісі Ерік Сұлтанов танысты.

Ерік Сұлтанов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

-Бір жылдай зауыт тоқтап тұрды. Жаңа инвестор келіп, барлық туындаған мәселелерді шешті. Осылайша, біз 350 адамды қайта жұмысқа қайтардық. Жұмыс тұрақты болады деп ойлаймын. Сонымен қатар, осы зауыттан біздің бюджетке биыл 1,5 млрд теңге инвестиция түседі деп жоспарлап отырмыз.

Айту кету керек, жүздеген адамды жұмыспен қамтып отырған бұл зауытты қайта іске қосу үшін инвестор өз қалтасынан 400 млн теңгеге жуық қаражат салған.

Тахир Гусейнов – «Петропавл арақ зауыты БН» ЖШС директоры:

-Мұнда жұмыс істейтін қызметкерлердің барлығы – жоғары білікті мамандар. Бүгінде жұмысшылар жалақыларын уақытылы алып жүр. Тұтынушылар үшін сапалы өнім жасауда тынбай еңбектенудеміз. Салған инвестициямыз ақталады деп ойлаймын. Сонымен қатар, оның өңір бюджетінің толығуына септігі тиетініне сенімдімін.

Жалпы «Петропавл арақ зауыты» жылына өнімнің 7,5 млн литрін шығармақ ниетте. Бүгінде ол үшін серіктестікте барлық жағдай жасалған дейді мамандар.

Татьяна Сысолятина – «Петропавл арақ зауыты БН» ЖШС цех меңгерушісі:

-Біз өз жұмысымызға шілде айынан бастап кірістік. Негізінен мұнда арақ жасауда классикалық әдіс пайдаланылады. Өнім сапасының жоғары болуына үлкен мән беріледі. Сол себепті, жуырда жаңа құрылғылар сатып алынды. Мәселен, зауыттағы сүзгілер ауыстырылып, мұздатқыш қондырғылар орнатылды. Сондай-ақ, қосымша зертхана ашылды. Бүгінде мамандар жаңа рецепт әзірлеу үстінде.

Зауытта алдағы уақытта тауардың 50 түрін шығару жоспарлануда.

 

Айгерим Ержанова