МТРА жаңалықтары

Екі елдің шекаралық әріптестік мәселелері қалалық әкімдікте өткен жиында талқыланды

Марат Тасмағанбетов – Петропавл қаласының әкімі:

-Өңіріміздегі венчурлық «Поиск» фирмасы мен «Ремплаза» ЖШС сіздердің кәсіпорындарыңызбен бұрынан әріптес. Бұдан бөлек, ауыл шаруашылығы, құрылыс саласындағы компаниялар да қарым-қатынас жасайды. Білім саласы да шет қалған жоқ. Бүгіндері біздің студенттеріміз арнайы квотаның арқасында Қорғандағы ауыл шаруашылығы академиясында білім алуда.

Екі ел арасындағы әріптестік және іскерлік қарым-қатынасты дамыту қажет дейді жиынға қатысушылар. Осы ретте қорғандық меймандар екі арада агломерация құруды ұсынды.

Юрий Кузнецов – «Әлеуметтік-экономикалық агломерацияны дамыту агенттігі» коммерциялық емес автономдық ұйымның бас директоры, РФ:

-Бүгіндері бізде мұндай пилоттық жоба өзіміздің қалалар мен облыстар арасында жүргізіліп жатыр. Қазір осындай 16 жоба бар. Бірақ, оларда халықаралық агломерация жоқ екен. Сондықтан, Петропавл мен Қорған арасындағы агломерация идеясын біз ұсыныс ретінде өзімізде жоғарғы жаққа жолдадық.

Қорғандық делегаттар мұндай жоба екі ел арасындағы байланысты одан әрі нығайта түседі деген ойда.

Сергей Руденко – Қорған қаласының басшысы, РФ:

-Қазір бұл жоба жоғарғы жақта қызу талқылануда. Арнайы жұмыс тобы құрылып, барлығы жіті бақылауға алынбақ. Біз концепция құрастырамыз. Сондықтан, оны жасауға ат салысуға шақырамыз.

Бұл мәселені Петропавл қаласының басшылығы жіті қарастыратындығын жеткізді. Ал жиын соңында екі жақтың жетекшілері өзара сый алмасып, кейін әріптестік жөнінде меморандумға қол қойды. Бұдан соң Қорғандық делегация «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының жұмысымен танысты. Мұнда қонақтарға елімізде бизнес өкілдерін қолдауға бағытталған шаралар жайлы айтылды. Кейін меймандар қаладағы тағы бірқатар нысандарды аралады.

 

Магжан Ахмадина