Қоғам

СҚО-на үш күндік сапармен «Ұлы Дала Елі» экспедициясы келді

Бұл кездесуге жергілікті жұртшылық, ақсақалдар және жастар жиылды. Алыстан ат терлетіп келген қонақтармен танысқан соң ортада екіжақты әдемі әңгіме өрбіді. Ауданның көнекөз қариялары өздерінің көрген-білгендерімен бөлісіп, экспедиция мүшелеріне тарихты зертетуге көп көңіл бөліп жатқандарына алғыстарын білдірді. Ал делегация жетекшісі Нұрбек Шаяхметов өз сөзінде бұл саяхаттың мәні мен маңызына тоқталды.

Нұрбек Шаяхметов – «Ұлы Дала Елі» экспедициясының жетекшісі:

-Экспедицияның ең басты мақсаты тарихи құндылықтарымызды, жәдігерлерімізді біліп, рухани құндылықтарды талдап, ғалымдармен жұмыс жасау. Бізде не бар, қандай ескерткіштерді қалпына келтірдік? Жастарды отансүйгіштікке үйрету, тарихты қадірлеуге шақыру мақсатында шықтық.

Бұдан соң делегация мүшелері Мағжан Жұмабаевтың туған жері Сарытомар аулына барып, ақынның мұражайын аралады. Бұл жерде экспедицияға қатысушылар Мағжанның туған-туыстары, отбасы мен шығармашылығы туралы біраз ақпаратқа қанықты.

Мағжандай ұлды өсірген қасиетті жерден көрген-білген деректерін «Ұлы Дала Елі» делегациясының қатысушылары арнайы күнделікке жазып отырды. Кейін бір айлық сапардан алынған мәліметтер топтастырылып, киелі Тараз жерінде 3 томдық кітап жарыққа шығарылмақ.

Нұрбек Шаяхметов – «Ұлы Дала Елі» экспедициясының жетекшісі:

-Аса құнды болған Түркия еліндегі ғалымдардың, сол жердегі қазақ азаматтарының 1965 жылы Мағжан шығармаларын басып, шығарғандары мен үшін аса құнды дерек деп есептеймін. Себебі бұл Алаш қозғалысының шет елдердегі жалғасы деп айтуға болады.

Кейін сарытомарлық жастар қонақтарға арнап шағын концерт ұйымдастырды. Олар меймандарға ақын Мағжан Жұмабаевтың шығармаларынан үзінді оқып берді.

Бұдан соң бір топ ғалым мәдениет үйін аралап, ауылдағы кітапхана қорымен танысты. Кездесу барысында экспедиция мүшелері «Теңдессіз сый» акциясы аясында Мағжанның ізбасарларына арнап 20-ға жуық кітапты тарту етті.

Жалпы 3 бағытта жұмыс істеп жатқан республикалық «Ұлы Дала Елі» экспедициясы 9-шы қазанда Тараз қаласында кездеседі. Ал әзірге 15 адамнан құралған делегация көршілес Қостанай облысына жол тартты.

Айгерим Ержанова