Білім

СҚО-да апатты мектептер мәселесі толығымен шешілді

Ерік Сұлтанов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

-Құрметті оқушылар, ұстаздар мен ата-аналар! Сіздерді аудан орталығынан бой көтерген жаңа мектептің ашылуымен шын жүректен құттықтаймын! Бұл білім ордасы Елбасы Н.Назарбаевтың апатты мектептер мәселесін толығымен шешу туралы тапсырмасы аясында салынды. Заманауи жабдықталған кабинеттер, акт және спорт залдары оқушылардың сапалы білім алуына, дамуына өз үлесін қосады. Осы мектептен білімді, тәрбиелі, тәуелсіз мемлекетіміздің туын жоғары ұстайтын шәкірттер шығатынына сенімдімін.

Кейін облыс әкімі Ерік Сұлтанов мектеп ұжымына Газель автокөлігін сыйлады. Бұдан соң өңір жетекшісі мен Мамлют ауданының құрметті азаматы Василий Целуйко жаңа білім ошағының таспасын салтанатты түрде қиып, нысанның ішін аралады. Мектепте 24 кабинет бар. Оның 4-уі информатика пәніне арналған. Бөлме компьютерлермен толық жабдықталыпты. Сонымен қатар, мұндағы кітапхана қоры да бай. Қазіргі таңда білім ұясында электронды кітапхана бағдарламасын енгізу жұмыстары жүргізілуде. Оқу ошағында аумағы 350 шаршы метрден астам спорт зал да бар. Кең жер балаларға баскетбол, футзал мен волейболды емін-еркін ойнауға мүмкіндік береді.

Ғалихан Бүйрекбаев – Мамлют №2 орта мектебінің директоры:

-Қазіргі таңда бұл мектепте 228 бала оқиды. Білім ордасы 2,5 жыл салынды. Екі бірдей мердігер компания ауысты. Алғашқысы құрылысты аяқтай алмады, оны ауыстыруға тура келді.

Жалпы жаңа мектепті салуға 800 млн теңгеге жуық қаржы жұмсалған. Оның 446 млн-ы республикалық бюджеттен болса, 351-і жергілікті қазынадан бөлініпті. Бұған дейін апаттық жағдайдағы мектепте оқыған балалар жаңа ғимаратта білімдерін жалғастыратынына қуанышты екендерін білдірді.

Гүлнұр Утеспаева – оқушы:

-Біз ескі мектепте оқығанда ол апаттық жағдайда болған. Қазір, міне жаңа білім ошағы ашылды. Оған өте қуаныштымыз.

Арайлым Нұрғали – оқушы:

-Бұрынғы мектеп кішкентай болатын. Ал жаңа білім ұясы кең, өте ыңғайлы. Енді сабағымызды тек беске оқитын боламыз.

Жалпы бүгінде Мамлют қаласында 4 мектеп бар. Оның біреуі мемлекеттік тілде оқытады. Жаңа білім ұясының іске қосылуымен өңірімізде апатты мектептердің мәселесі толығымен шешілді. Ендігі кезекте мектептердегі үш ауысымды оқыту жүйесін жою міндеті қалды. Бұл мақсатта қазіргі уақытта Ғ.Мүсірепов пен Тайынша аудандарында жаңа оқу ошақтарының құрылысы жүргізілуде.

 

 

Риат Шони