Спорт

Петропавлдық «Қызыл-Жар СК» құрамасы Өскеменнің «Востогын» қабылдады

Алайда, бірнеше ұрымтал сәттерде қарсылас команданың қақпашысы қырағы бола білді. Өз кезегінде шығысқазақстандық қонақтар да гол соғудың амалдарын қарастырып, көкала жейдедегі петропавлдықтардың қорғаушылар алаңына талай мәрте енді. Осылайша, алма-кезек шабуылмен өткен ойынның 30 минуты ешқандай құрамаға ұпай әкелмеді. Алайда, теріскейліктердің кезекті бір шабуылында қызыл жейдедегі құраманың ойыншысы өрескел ойнап, тәртіп бұзды. Төреші ойланбастан айып добын белгіледі. Сол жерден жартылай қорғаушы Әли Әлиевтің көтерген добын шабуылшы Виталий Головешкин баспен ұрып, қонақтар қақпасының торында тулатты.

Гол соғып ес жинаған жерлестеріміз шабуылдарына қарқын қосып тағы да есеп айырмасын ұлғайтуды көздеді. Осындай сәттердің бірінде айып алаңының ішінде өскемендік қорғаушы допты қолымен ұстап, футбол ережесін бұзды. Барлығы арбитрдің көз алдында болғандықтан төреші он бір метрлік нүктені көрсетті. Пенальти!

Бұл жолы да ардагер ойыншы Әли Әлиев ерлеп, гол соқты. Осылайша, ойынның алғашқы таймы 2-0 есебімен аяқталды.

-Бірінші тайымда біздің футболшылар жақсы ойнады. Тағы да гол соғады деп сенемін.

-Соңғы кезде біздің футболшылар дұрыс ойнай алмай жүрген болатын. Осыдан кейін ойындары жақсарады деп ойлаймын.

Екінші қырық бес минуттық басталысымен қонақтар шабуылға лап қойды. Алайда, қарсыластардың тынымсыз әрекеті тек 70-інші минутта өз жемісін берді. Бұл сәтте Антон Молтусинов Роман Нестеренко қорғаған қақпаның кілтін тауып гол соқты. Дегенмен де петропавлдықтар өскемендіктердің алаңында бірнеше өткір шабуыл жасады. Қауіпті сәттердің бірінде Әли Әлиев қарсылас команданың қақпасына тағы да доп дарытты.

Осылайша, жерлестеріміз 3:1 есебімен жеңіске жетті. Алда әлі алты ойын бар. Соның барлығынан қанжығамызға ұпай салсақ, жоғарғы лигага жол ашылмақ.

Әли Әлиев – «Қызыл-Жар СҚ» ФК жартылай қорғаушысы:

-Соңғы кезде командамыз сүреңсіз ойын өрнегін көрсетіп жүрген болатын. Бүгінгі кездесуде жігіттер ес жинады деп ойлаймын. Ойынға келетін болсам өте тартысты өтті. «Восток» командасы – біздер үшін тегеурінді қарсылас. Дегенмен де жеңіске жеттік. Осындай ауа райына қарамастан футбол үшін алтын уақыттарын қиып келген жанкүйерлерге алғысым шексіз. Келесі кездесулерде олардың саны артады деп сенемін. Өйткені, жерлестеріміздің қолдауы футболшыларымызға демеу береді.

“Қарасай” стадионындағы кезекті ойын қазанның 4-інде өтеді. Онда «Қызыл-Жар СК» құрамасы Теміртаудың «Булат» АМТ командасын қабылдайды.


 

Култанов Байболат