Құқық қорғау органдары

Тәртіп сақшылары адамдарды алдап ақша жымқырған қала тұрғынын ұстады

Қымбат Сейпиева – Петропавл қалалық ІІБ 1-ші полиция бөлімінің тергеушісі:

-Сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізу барысында ол өзін Астана және Петропавл қаласы әкімдіктерінің қызметкері ретінде таныстырып, қолхатпен ақша алып, жаңадан салынған тұрғын үйлерде пәтер алуды ұсыныпты. Осылайша, ол тұрғындарды алдап кетіп отырған.

Әзірге, алаяқтан жапа шеккен үш қала тұрғыны полицияға шағымданыпты. Жәбірленушілердің сөзінше, олардың барлығы да 2013 және 2014 жылдары аралығында алданып қалса керек. Полицейлер жиған-тергенінен қағылғандар саны бұдан да көп болуы мүмкін екендігін айтады.

Қымбат Сейпиева – Петропавл қалалық ІІБ 1-ші полиция бөлімінің тергеушісі:

-Қазіргі уақытта аталған азаматшаға қатысты 20 млн теңгеге жуық соманы құрайтын ұқсас үш факті бойынша тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Осыған байланысты, аталған фактіге ұқсас жағдайларға ұшыраған азаматтарды Петропавл қаласы Ішкі істер басқармасының бірінші полиция бөліміне хабарласуын сұраймыз.

Ұсталған азаматша бұған дейін де алаяқтық әрекеттері үшін жауапқа тартылған. Ешбір мемлекеттік қызметте жұмыс жасамайтын күдікті қазір тергеу абақтысында отыр. Енді тұрғындарды алдаған пысықай 5 жылдан 10 жылға дейін темір торға тоғытылуы мүмкін.

Бақыт Сәдуақасов облыстық ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің көмегімен әзірленді

 

Бакыт Садуакасов