Бизнес және экономика

“Бизнестің жол картасы 2020” бағдарламасы өңірімзде қарқынды жүруде

Биыл өңірімізде жыл басынан “Бизнестің жол картасы 2020” бағдарламасы бойынша 143 өтініш мақұлданған. Яғни, табыскерлердің бизнесін қолдауға жаңа экономикалық саясат оң әсерін тигізуде дейді облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасы басшысының орынбасары Құралай Жарова.

Құралай Жарова – СҚО кәсіпкерлік және туризм басқармасы басшысының орынбасары:

-143 өтініштің 89-ы субсидиялауға берілді. Қазіргі таңда сомасы 1,9 млрд теңге болатын 61 келісімшарт жасалды. Жалпы биыл “Бизнестің жол картасы 2020” бағдарламасын жүзеге асыруға біздің өңірге 800 млн теңге жуық қаражат бөлінген.

Сонымен қатар, несие алуға кепілдікке қояр дүниеңіз жеткіліксіз болса, “Бизнестің жол картасы 2020” бағдарламасы аясында көмек алуға болады. Яғни, еш кедергісіз несие алуға мемлекет зор қолдау танытады. Жалпы үстіміздегі жылы өңірдің бизнес өкілдеріне сомасы 671 млн теңге болатын 46 кепілдік беріліпті.

Құралай Жарова – СҚО кәсіпкерлік және туризм басқармасы басшысының орынбасары:

-Бизнестің жол картасы 2020″ бағдарламасы аясында өңірде кәсібін енді бастап келе жатқан инновациялық жобаларға сомасы 10 млн теңге болатын 6 грант бөлінді. Сондай-ақ, өндіруші инфраструктурасы жетіспей жатқан екі бизнесменнің өтініші мақұлданып, 410 млн теңге бөлінді.

Айта кету қажет, облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасы бизнесмендерді қолдау мақсатында мемлекеттен қосымша 200 млн теңге сұратыпты.

 

Риат Шони